«Жетісу» «Оқжетпесті» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Уақыты: 13.05.2023
Оқылды: 993

«Жетісу» ел біріншілігінің кезекті ойынында Талдықорғандағы орталық алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Жетісуды» ел чемпионатында күміске жетелеген бапкер (2012 жыл) Асқар Қожабергенов клуб тізгінін қайта алған еді. Жаңа келген жаттықтырушының аяқ алысы жеңіспен басталды.

Былтыр бірінші лигада чемпион болған «Оқжетпестен» («Жетісу» ол кезде 3-ші орын алған) жерлестеріміз айласын асыра алмаған. Премьер-лигада жолы түйіскен қос ұжымның ойыны жанкүйер үшін де қызығушылық тудырғаны анық. Қожабергенов жергілікті ойыншылардан Равиль Атыханов, Мади Хасейн, Асхат Балтабеков үшеуін ойынға алғашқы минуттан қосты. Жетісулықтардан ойын ортасында тек Аслан Әділ ауысып, тың күшпен шабуылдар ұйымдастырды. Алдыңғы ойындардағыдай емес, бұл жолы ойын сылбыр басталып, қателесу көп болды. 
Жетісулықтардан гөрі қонақтардың гол салып кететін мүмкіндігі жоғары болған. Қақпашы Андрей Пасеченкомен бірге-бір шыққан сәттерінде қателесіп жатты. Тоқсаныншы минутқа дейін қарсылас қақпасының кілтін іздеумен болған «жетісулықтар» төреші қосқан қосымша уақытта тапты. Айып добынан көтерілген допқа Дидье Кадио  бұрын жетіп, қақпаға баспен бағыттаған. Доп қақпа бағанынан кері қайтты. Осы сәтте қайта келе жатқан допты алдындағы ашық қақпаға ойынға екінші таймда қосылған серб Станович теуіп, гол салды. 
Осылайша ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда жеңісті жұлып алды. Былтыр кездескен әр ойынында жеңілген «Жетісу» кеткен есені қайтарды. Ашығын айту керек, екі команданың ойыны сүреңсіздеу болды. Мұны «Жетісудағы» беларусь Назаренко желдің ұйытқып соғуымен байланыстырды. Ал жанкүйерлер үш ұпай үшін қуанды. 
Ең бастысы, «Жетісу» турнирлік кестеде ондыққа сынамалап еніп келеді. Келесі қарсылас кестеде 1-орында тұрған «Қызылжармен» сырт алаңда ойнайды. Ал «Жетісудың» ойындары Талдықорғандағы стадионның күрделі жөндеуіне байланыста Алматыда болады.

Серік ҚАНТАЙ
Сурет ғаламтордан алынды