Қазақстандық ескекші Мария Бровкова тағы да әлем чемпионы атанды

Уақыты: 08.07.2023
Оқылды: 1378

Италияның Ауронзо қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында байдарка мен каноэда ескек есуден әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, батысқазақстандық Мария Бровкова 18 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 1000 метрлік сайыста 4:35.01 секунд көрсеткішпен алдына жан салмады.

Мажарстандық Река Саркани күміс жүлдегер атанса, өзбекстандық Шохсанам Шерзодова үздік үштікке ілікті.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Руфина Ысқақова 23 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 1 мың метрге жарысудан мәре сызығын екінші болып кесті.

Ол мажарстандық Борька Загывайға ғана жол берді.

Бұл айтулы додаға 65 елден 938 спортшы қатысып жатыр.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Мария Бровкова – жастығына қарамастан, Париж олимпиадасына жолдама алудан үміткерлердің бірі.

Осы жылдың тамыз айында Германия елінде ересектер арасында әлем чемпионаты өтеді. Қыркүйекте Қытайда жазғы Азия ойындары болады.

Оған қоса М.Бровкова 2024 жылы көктемде Азия біріншілігінде бақ сынап көрмекші. Міне, осы жарыстарда сәтті өнер көрсетсе, жолдамаға қол соза алады.

Фото: ашық дереккөзден