ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ

Уақыты: 29.07.2023
Оқылды: 1038

Жетісудың көрікті жерлерінің бірі – Алакөлдің жағалауында орналасқан Ақши ауылында «Алакөл – 2023» облыстық жазғы спартакиада өтті. Жалпыкомандалық есепте Талдықорған қаласының құрамасы І орын алды. Жарыс шағын футбол, жағажай волейболы және үстел теннисінен өтті.


– Еліміздің әр жерінен жыл сайын мыңдаған демалушылар Алакөлге шомылуға келеді. Олардың жақсылап демалуына жағдай жасау, біздің міндет. Ұйымдастырылған шара – өз құндылықтарымызды бағалай отыра көрсету, – деді Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов. Артынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл қатысушыларға алғысын білдіріп, Алакөл жағалауындағы дәстүрлі жарыс жалғаса беретіндігін айтты.

Жалпы биылғы жарысқа 150-ден астам спортшы қатысты. Жағажай волейболынан (ұлдар) Алакөл ауданы І орын, Талдықорған ІІ орын, Сарқан ауданы ІІІ орын алды. Ал қыздар арасында талдықорғандықтар үздік шықса, Көксу ауданының арулары ІІ орын, Текелі қаласының қыздары ІІІ орынға ие болды. Шағын футболдан Талдықорған қаласының командасы қарсылас шақ келтірмеді. Ал ІІ орын Алакөл ауданына, ІІІ орын Көксу ауданының футболшыларына бұйырды. Жалпыкомандалық есепте Талдықорған қаласының командасы үздік шықты. Әр спорттағы нәтижені есептей келе ІІ орын алған Көксу ауданының құрамасына (300 000 теңге), ІІІ орынға ие болған Алакөл ауданының командасының (200 000 теңге) арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлық табысталды.