Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында Қазақстан үздік үштікке кірді

Уақыты: 01.11.2023
Оқылды: 680

Сауд Арабиясының астанасы Әр-Рияд қаласында аяқталған V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында Қазақстан құрамасы үздік үштікке кірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

СпортСпортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биылғы ойындар Қазақстан үшін ең табысты болды.

Он бір күннің ішінде 16 спорт түрінен 1500-ден астам атлет 954 медальді өзара сарапқа салды. Оның 259-ы алтын, 259-ы күміс болса, қалған 436-сы – қола.

Қазақстан делегациясы 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте 3-орынға көтерілді. Көш басында Украина (21 алтын, 17 күміс, 15 қола), одан кейін соңғы жарыс күні екінші орынға шыққан Сауд Арабиясы (12 алтын, 20 күміс, 19 қола) тұр.

Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарына өз спортшыларын жіберген 120-дан астам елдің 87-сіне жүлде бұйырды.

Қазақстан делегациясы үшін Әр-Риядтағы кешенді жарыстың әр күні тарихи нәтижемен есте қалып отырды. Мәселен, ойындар бағдарламасына алғаш рет қосылған қазақ күресі мен армрестлингтен ұлттық құрама спортшылары табысты өнер көрсетіп, командалық есепте 1-орын алды. Самбо мен грэпплингтен қоржынға World Combat Games-тің алғашқы алтыны түссе, каратэшілер бірінші рет жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жалпы, ел намысын 10 спорт түрінен 53 спортшы қорғады.

«Бұл ойындарға кейбір спорт түрлерінен негізгі құрамды алып бармасақ та, сапаға барынша назар аудардық. Біз үшін ұлттық спортымыз – қазақ күресінің ойындар бағдарламасына алғаш рет кіргені қуантарлық жайт. Палуандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Дәл осылай армрестлингке қатысты айтуға болады. Ұлттық құрама алға қойылған жоспарды орындады. Жарыс барысында қандай кемшіліктер барын да көрдік. Енді соларды талдап, бапкерлермен бірге осы бағытта жұмыстанамыз», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бас маманы Келбет Нұрғазина.

СпортОсы көрсеткіштің арқасында Қазақстан жауынгерлік өнер ойындарының жалпы рейтингісінде 37-ден үздік ондыққа кірді. Бұған дейін Бейжің мен Санкт-Петербургті қосқанда, қоржынға 1 алтын, 3 күміс және 5 қола түскен.

«Ойындар кезінде 16 спорт түрінің ішіндегі айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, муайтай, самбо мен саватеден (француз боксы) пара-атлеттер арасында арнайы жарыс өтті. Жекпе-жек өнерінің жанкүйерлеріне бәсекелерді ресми сайттан тікелей эфирде көрсеттік. Хабар таратушылардың арқасында 100-ден астам мемлекеттің аумағына сигнал тараттық», – деді «Спорт Аккорд», яғни ойындар президенті Иво Ферриани.

Келесі ойындар 2025 жылы өтпек. Қабылдайтын мемлекет алдағы жылдың басында белгілі болады.

Дереккөз:  Kazinform