Әупірімдеп жүріп ел чемпионатында қалды

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 698

Футболдан кезекті ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Маусым бойы сүреңсіз ойын көрсеткен «Жетісу»  командасы чемпионаттан шығып қалуға сәл қалды. Жеңімпаз ерте белгілі болғанымен соңғы турда күміс жүлдегермен премьер-лигадан шеттеп қалатын үшінші команда белгісіз болған.

«Жетісу» 26 ойында 29 ұпай жинады (8 жеңіс, 5 тең ойын, 13 жеңіліс). Талдықорғанның командасында ең көп гол салған серб шабуылшысы Анес Рушевич (13 ойында 6 гол салды).  Ал жалпы турнирдің бас мергені «Қайраттың» ойыншысы Жоао Пауло барлық ойынға қатысып, 17 голдың авторы атанды. Жетісулықтардың ішіндегі тәртіпсіз ойыншы  Мади Хасейн (өзі қатысқан 18 ойында 6 ескерту қағазын алып, 1 мәрте алаңнан қуылды). Биылғы маусымда «Жетісу» таныстырған жаңа есім 19 жастағы Давид Есімбеков. Өз жасында Қазақстан құрамасының ойыншысы болып жүрген Давид ел чемпионатында да ерекше ойынымен көзге түсті.

Соңғы тур. Күміс жүлденің мәселесін «Астана» мен «Ақтөбе» шешіп жатқанда, «Мақтаарал», «Шахтер», «Жетісу», «Оқжетпес» командалары премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін жанталасты. «Шахтер» «Астанамен», «Оқжетпес» «Мақтааралмен» 1:1 ойнап, ал «Жетісу» «Ақтөбемен» 2:2 есебімен тең түсті. Турнирдің төбесінде «Ордабасы» тұрса, одан кейін «Астана» жайғасты. «Ақтөбе» чемпионатты үшінші болып аяқтады. Осыған дейін «Ақсу» мен «Каспий» ел біріншілігінен шығып қалғандығы белгілі болған. Бұл қатарға үшінші команда болып «Оқжетпес» қосылды. «Жетісуды» сырт алаңда құтқарған Анес Рушевичтің пенальтиден салған қос голы. «Шахтер», «Мақтаарал» және «Жетісу» жалпы турнирлік кестеде 29 ұпайдан жинады. Келер жылы ел чемпионатына Бірінші лигадан «Елім-ай» (чемпион есебінде), «Жеңіс» пен «Тұран» командалары қосылады.   

Серік Қантай