Грек-рим: Әлем чемпионатында Исхар Құрбаев күміс алды

Уақыты: 05.11.2023
Оқылды: 622

 Албанияның астанасы Тиранада өткен 23 жасқа дейінгілер арасындағы Әлем чемпионатында грек-рим күресінің балуаны Исхар Құрбаев күміс медаль алды. Исхар биыл Иорданияда өткен 20 жасқа дейінгілер арасындағы Әлем чемпионатында алтын алған еді. Осылайша бір жылда екі әлем чемпионатының финалында күрескен балуан есебінде ерекшеленіп отыр.

Исхар Албанияда өткен чемпионатта 55 келіде күресіп, шешуші белдесуге дейін қарсыластарынан айласын оңай асырды. Финалда грузин Георгий Тохкадзеден жеңілді. Бір жылда екі Әлем чемпионатының финалында күрескен тұңғыш қазақ балуаны есебінде тарих парағына есімі жазылды. 

Алматы әуежайына таңға жуық келген Исхарды арнайы Талдықорғаннан барған жерлестері де ерекше қолдаумен күтіп алды. Сый-сияпат көрсетті, тілектерін арнады. Исхар жалпы грек-рим күресінен жастар арасында 7 жыл салып чемпион болған балуан. Ал чемпиондыққа жеткендер саусақпен санарлық. Атап айтсақ, Әсет Иманбаев (2000, 2001ж.ж.), Нұрбақыт Теңізбаев (2003ж.), Артур Үмбетқалиев (2006ж.) және Тамерлан Шадукаев (2016ж.) бар.

Серік Қантай