Біз әрдайым жүлдегерміз

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 390

Волейбол ептілікті, жылдамдықты, табандылықты қажет ететін ойын. Адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Тыныс алу жүйесі жақсарып, бұлшық етің мығымданады. Сымбатты болып өсуге ықпалы айрықша.

Аты-жөнім Нұржан Нұрмұхамед. Досым Нұрасыл Қадырбек екеуміз 4-сыныптан бері волейбол спортымен айналысып келеміз. Әрдайым бірге жаттығу жасап, аудандық, облыстық жарыстарға  барып жүрміз.

Волейбол спортында жетістікке жетуімізге аянбай үлесін қосып жүрген жаттықтырушымыз Біржан Измайлов. Ол әруақытта дайындығымызды қадағалап, қателіктерімізді жоюға қарекеттенеді. Оның бізге артқан сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз.

Аталған спорт түрінен алғаш жарысқа 6-сыныпта бардық. Бірінші рет қатысқандықтан ба, ойдағыдай ойын өрнегін көрсете алмай, жеңілістің дәмін де татып үлгердік. Оған бола тауымыз шағылмады. Басы қатты болғанмен аяғы тәтті болады деген сөз рас екен. Сол алғашқы жеңілістен кейін біз мүлде жеңілмедік. Әрдайым 1-ші, 2-ші орыннан түспей келеміз.

2022 жылы 5-6-сынып оқушыларының арасында өткен облыстық мектеп лига жарысында, Ақсу ауданының біріншілігінде, мектеп лига жарысының ҚР чемпионатында 1-орыннан көріндік. 2023 жылы күзде өткен облыстық чемпионатта, жағажай волейболынан жасөспірімдер арасындағы облыстық чемпионатта да біздің команда топ жарды.

Нұржан НҰРМҰХАМЕД,
8-сынып оқушысы