Ізгілік бастауы – ұстазда

Уақыты: 24.06.2023
Оқылды: 956

Адам баласы ізінен ерген жас буынның тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген. Өйткені қоғамның тыныс-тіршілігі мен болашағы өскелең ұрпақтың қолында болатыны белгілі. Бұл мәселе қазақ қоғамында да оң жолға қойылған. Баланың отбасында көрген үлгі-өнегесі мектептегі тәрбие жұмысымен сабақтасып, ары қарай жалғасын табады. Осы орайда мектеп алдындағы басты мәселе – адамгершілік қасиеті мол, ұлттық болмыс-бітімі қалыптасқан, өресі биік, білімді ұрпақ тәрбиелеу.

Әр халықтың өзіне тән дәстүрі, құндылықтары болады. Жас буынның рухани адамгершілігін қалыптастыру жолында ұлттық психологиялық ерекшеліктерді ескерген жөн. «Адамгершілік» – «ізгілік», «инабаттылық», «кісілік», «кішіпейілділік»  сөздерімен бір мағынада қолданыла береді. Жақсы ұстаз тәрбиені адам бойындағы осындай жағымды қылықтарды жетілдіруден бастайды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген керемет сөздер бар. Яғни мектеп кездейсоқ біреулердің емес, нағыз ұлт жанашыры, тәрбиелі жандардың ордасы болуы тиіс. Абай: «Адам болып дүниеге келу жеңіл, бірақ адам болу қиын» десе, Шыңғыс Айтматов «Адамға ең қиыны – күнде адам болу» дейді. Нағыз ұстаз «күнде адам болып» қалуға міндетті. Демек, жас ұрпақ бойындағы рухани адамгершілік  жақсы ұстаздың тәрбиесі арқылы қалыптасады. Адамның бойында адамгершіліктің, ізгіліктің дәні өнбесе өмірлік ұстанымы әлсіз болатындықтан болашағын бағдарлай алмай, тағдырдың тәлкегіне ұрынады. Сол себепті адамның рухани құндылықтарды игеруі өте маңызды.

Адамгершілік тәрбиесі оқу тәрбие үрдісінің барлық саласында жүзеге асады. Кез келген пән мұғаліміне көл-көсір біліммен қатар ағыл-тегіл ақыл-ой, парасат пайым керек. Тәрбиелілік дегеніміз – ізгілікті, адамгершілікті біліп қана қоймай, білімді тұлғаның болмыс-бітімімен, мінез-құлқымен біте қайнасуы. Адамгершілік, ар-ұждан, тәрбие мәселесін қай-қайсымыздың да тізбелеп айтып беруге шамамыз келеді. Бірақ сол айтқандарымызға амал қыла аламыз ба?! Негізгі мәселе – осы.

Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесіндегі Жақыпбек ұстаз «Мектеп мұғалімі қандай болуы керек?» деген сауалға жауап берер еді. Қияңқы балалардың өзімен тіл табыса отырып, оқушы мен мұғалім арасындағы сенімсіздікті жоя білген ұстазды сипаттаған қаламгер баланы еңбекке баулып өсіруді тәрбиенің негізі деп есептейді. Бүгінгі таңда біржақты, баланың тек білімді болуына ғана назар аударып кеткен сияқтымыз. Мектеп баланы үлкен өмірге дайындайтын бірден-бір орта. Партада отырған бала тәрбиелі, тәртіпті, «үлкенге ізетті, кішіге қамқор» болса, ертең қоғам да сондай болады. Естіген құлақта жазық жоқ, қазіргі жаңалықты тыңдасаң жаның түршігеді. «Жанында отырған оқушының жүрегіне қалам тығып алған бала», «сыныптасын ұрып өлтірген бала», «оқушысын ұрып сотталып жатқан мұғалім», «мұғаліммен соттасып жатқан директор» болып кете береді. Мектеп болашақтың айнасы іспетті. Партада отырған бала ұры болса, ел ішінде ұры-қары қаптайды. Оқушы мейірімсіз болса, ертеңгі қоғам да сондай. Демек, қоғам жақсы болсын десек, мектебімізді түзеуіміз керек. Қысқартып айтқанда мектеп білім беруді ғана мақсат етпей, ата-анамен ынтымақтаса отырып, елге, қоғамға пайдасы тиетін нағыз азамат тәрбиелеп шығарамыз деген үлкен мақсатпен жұмыс істеуі тиіс.

Әрине, жас ұрпақтың тәрбиесіне тек білім беру мекемелері жауапты десек, қателескен болар едік. Бұқаралық ақпарат құралдары, көпшілікке ұсынылатын көркем шығармалар мен фильмдер, халық құрметіне бөленген тұлғалардың іс-әрекеті сынды бағыттардың да рөлі шексіз. Егер соның бәрінде ізгі ниетті, нағыз елжанды тұлғаның қалыптасуына қажетті мәселелер өріліп жатса, онда жастардың дүниетанымын қалыптастыруға негіз болатын ұлттық болмыс, ұлттық сана, ұлттық дүниетаным қалыптасады. Жеткіншек буынды адамгершілікке тәрбиелеуде өмірде кездесетін жағымсыз жағдайдан сақтандыру мәселесінің де ескерілгені жөн. Баланың салауатты өмір салтын түсініп, жақсы мен жаманды айыра білуі өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасын қалыптастыру керек. Ата-ананы оқу-тәрбие үрдісіне қатыстырып, олармен тығыз байланыс орнатпай іс өнбейді.

Ұрпақ тәрбиесіндегі ең үлкен мақсат – тұлға қалыптастыру.  Білім беру ісінде тұлға бойына ұлттық дүниетаным, ұлттық сана қалыптастыруға мән беріліп жатыр. Мұндай жұмыстарға тек жеке пәндерді ғана емес, сыныптан тыс іс-шаралар, үйірме жұмыстары, сынып жетекшісі жүргізетін тәрбие сағаттары, түрлі жарыстар, пікірталас-дебаттарды жатқызуға болады. Соның бәрі тұлға бойына адамгершілік қасиеттер мен ұлттық дүниетанымды қалыптастыруға негізделуі тиіс.

Адамзатқа тән ізгілік мұраттарын үлгі етіп, жас буынға адамның өзгені қастерлей білуі керегін түсіндірсек, сол арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтай алатын деңгейге жеткізсек, болашақ үшін алаңдамауға болады.

Аманғали МҰХТАРОВ,
филология ғылымдарының  кандидаты

Фото: ашық дереккөзден