Құрылтайдан кейінгі ой

Уақыты: 27.06.2023
Оқылды: 764

Тәрбие. Ұлттық құрылтайдың ең өзекті тақырыбының бірі – жастар тәрбиесі болды. Расында  қазір жастарға байланысты көп сын айтылатыны да және олардың мәдениетінің күннен күнге төмендеп бара жатқаны да жасырын емес. 

Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратыны белгілі. Шындығында адал азамат дегеніміз кім? Біз осыған жете мән беріп алайық. Әсілінде адал азамат жемқорлыққа қолы былғанбаған, ешкімнің ала жібін аттамаған жан. Түптеп келгенде адал азамат тәрбиелі адамнан шығады. Сондықтан да біз бала күннен бастап ең бірінші тәрбиені күшейтуіміз керек. Ол үшін ең бірінші ата-ана жауапкершілікті сезінуі қажет деп санаймын. «Отан отбасынан басталады» дегенімен, бүгінгі біздің отбасы бала тәрбиесіне немқұрайды қарауда. Біздің балаларды қазір ата-ана емес, әлеуметтік желі тәрбиелеуде. Бұл жайлы да құрылтайда сөз болды. Қазір бізде кішкентай жеткіншекке білім берсек болғаны, тәрбие қоса беріледі деген ой қалыптасты. Осының барлығын ұстаздардың мойнына жүктеп, ата-ана жауапкершіліктен құтылып кетті. 

Мемлекет басшысы құрылтайда осы мәселеге байланысты «Білім. Ғылым. Мәдениет» деп нақты айтты. Аталған үш қағида адамның мызғымас үш тағаны болуы керектігін де тілге тиек етті. Осы орайда біз ең әуелі тәрбиені негіздеп алуымыз керек. Тәрбие, адамның ішкі мәдениеті қалыптаспай берілген білім де, алған ғылым да өз жемісін бермейді. Содан барып әділетсіз адам туындайды. Сондықтан отбасымен қатар балабақшадағы тәрбиенің нақты жоспарын жүйелеп алу керек. Ол үшін  балабақша әдістемесін мүлдем өзгерту қажет деп санаймын. Балабақшаға ұлттық педагогиканы енгізу арқылы біз таза қазақи мемлекетшіл тұлғаны қалыптастыра аламыз. Ең бірінші  кезекте балабақшаның барлығына  мемлекеттік тілді енгізу керек. Одан кейін ұлттық кодты білдіретін қасиеттеріміз бен салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ырым-тыйым, тіпті бұрынғы ата-әже институтын қайта қалпына келтіре отырып, балалардың санасына сіңірген абзал. Одан кейін барып білім саласына ауысқан дұрыс. 

Қазір балапандардың басым көпшілігі интернет жүйесі арқылы тәрбиеленіп келіп жатқандар. Одан кейін балабақшадағы тәрбие жоспары да ұлттық құндылыққа негізделіп құрылмаған. Осыдан барып тәрбиеленіп шыққан балалар мектеп табалдырығына келгенде адам түсініп бітпейтін білім бағдарламасына шырмалады. Ақыры баланың басын ауыртып, соңында сол әлеуметтік желідегі сөзге ілесіп кете береді. 

Құрылтайда «Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсетуіміз арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек», – деп атап өтілді.

Шындығында біз біреудің сөзіне еруді әдетке айналдырдық. Негізсіз ақпаратқа, дерек пен дәйегі жоқ сөзге имандай сеніп, оны ары қарай көпіртуге де дағдыландық. Осының барлығы ішкі мәдениеттің жоқтығы. Яғни, тағы да бәрі берілген тәрбиеге келіп тіреледі.

Ертеде аталарымыз  «Жақсыны асырып, жаманды жасыр» деп айтып кетті емес пе?  Қазір жақсыны емес, біреудің жаманын, қаңсығын насихаттағанды ұнатамыз және соған құлақ түреміз. Бұрынғы бабалардың «тәйт» дейтін бірауыз тыйымы бүгінде қолданыста жоқ. Бұл сөз үйде де, далада да қолданылуы керек-ті. Өкінішке қарай, мұны айтатын ата-ана да, құлақ асатын жастар да жоқ.

Ұлттық педагогика деп отырғанымыз осы. Қазақ халқын дана болған деп айтамыз, бірақ сол даналықты мектеп, балабақша бағдарламасына енгізе алмай отырмыз. 

Білім.  Дәл қазіргі уақытта мектеп жасындағы балалардың арасында жаға ұстатарлық жайттар жиі орын алып жатады. Оны әлеуметтік желі арқылы таратып, қоғамның талқысына салып, пікір білдірушілердің жарыссөзіне айналдырамыз. Ақырында ата-ана мен бала сыртта қалып, ұстаздарда жауапкершілік жоқ деген тұжырымға келеміз. 

Бұрын да балалардың арасында келіспеушіліктер орын алатын. Білімге құштарлығы аз тентектер де болған, бірақ мынадай жауыздыққа, озбырлыққа, қатыгездікке бармайтын. Есесіне олардың ішкі мәдениеті мен обал-сауап деген ұстанымы жоғары еді. Бүгінгінің беталысы тым қорқынышты.

Жалпы елдегі білім саласының деңгейі төмен деуге келмейді. Жеткіншектер әр бағыт бойынша білім алып, өздерін дәлелдеп келеді. Тек білім бағдарламасындағы сауаттылық пен жүйесіздік, оқулықтың сапасына байланысты көп сын айтылып келеді. Ол жасырын емес, барлығын жақсы деуге де келмейді. Бұл олқылықтар жыл сайын талқыға түсіп, кемшілік біртіндеп түзетіліп келеді. Қалай болғанда да оқушы жақсы білім алуы керек. Мектептегі ұстаз бен оқушы, ата-ана арасындағы тығыз байланыс ажырамауға тиіс. Мақаланың басында айтылған үштаған осы үштікке де қатысты. Білімі жетілген азаматтан адал және шынайы ұлтжанды адам шығады. Ол мемлекеттің ертеңі, болашағы деуге толық негіз бар.

Ғылым. Қазір ғылымға бет бұрған заман. Әлем елдері ғылымға баса мән беріп, озық технология әр саланы жетілдіру үстінде. Біз де осы ұстанымды ұстауымыз қажет. Қазір геосаяси ахуалдың ушығып тұрған кезі. Сондықтан желдей ескен қауесетке ермей, жаппай ғылымға бет бұру арқылы біз өркениетті елдермен теңесе аламыз. 

Жалпы мемлекеттің дамуының негізгі локомотиві ғылым десек, қателеспейміз. Қазіргі уақытта адамға да, мемлекетке де пайдасы жоқ жеке адамдардың отбасылық жағдайын, екі адамның арасындағы қарым-қатынасты, жеңіл ақша табудың механизмін насихаттауды үрдіске айналдырдық. Сондай-ақ, ғылым саласын мүлде ұмытып, ғалымдарымызды ескерусіз қалдырдық, оларға жағдай жасау, жалпы ғылымға көңіл бөлуді қойдық. Осы тұрғыдан алғанда біз өскелең жас ұрпаққа ғалымдарымызды насихаттау арқылы балаларды ғылым саласына жетелейтін боламыз. 

Көптеген мамандықтар жойылған бүгінгі заманда мамандардың тапшы екені өтірік емес. Оның барлығы сол көңіл бөлмеудің салдары. Әлемде түрлі технология сынаққа түсіп, мемлекеттің әл-ауқатын арттыруға септігін тигізіп жатыр. Қай сала болмасын оған ғылыми көзқарас қажет десек те әлі күнге дейін осы мәселеге бейжай қараудамыз. Ғылымды дамыту арқылы өркениетті елдің қатарына кіріп, өзіміз де дамушы мемлекет боламыз. 

Құрылтайда жас ұрпаққа еңбек адамын насихаттау арқылы жастардың бойындағы кері әдеттерден арыламыз деген ой қозғалды. Сол еңбек адамының бірі – ғалым болуға тиіс. Бұрынғы кішкентай балаға кім боласың дегенде ғалым боламын деген жауапты естуші едік. Ал қазіргінің жеткіншегі кімді айтып жүр? Оған отбасы кімді насихаттайды? Тұлға деп кімді айтамыз? Осы сауалдардың барлығымызды да мазалайтыны анық. Мемлекет басшысының да қойып отырған талабы осы. Тұлғатану бағдарламасын енгізсе  оның шың басында ғалым тұруы заңдылық.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ