Астананы гүлмен көмкеру ісі қызу қолға алынуда

Уақыты: 06.07.2023
Оқылды: 841

Экологиясы таза қала құрудың ең басты өлшемі – оның айналасы мен ішін желекпен көркейту. Ел астанасын Алматыдан Арқа төсіне көшіріп, Қазақстанның жаңа елордасы –  Астананы жаһан жұртына таныстыру қаншалықты сарабдал қадам болса, шаң басқан, азынаған желдің өтінде орналасқан қаланың айналасына орман егу де соншалықты көреген шешім болды. 


«Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, тас пен құмға орман өспейді» деп табанды қарсылық көрсеткендердің қателескенін дәлелдеу үшін аса көп уақыт қажет бола қойған жоқ. «Орманы бардың қорғаны бар» дейді қазақ. Шаһар ауасының тазалығын қамтып, ыстықтан сая, желден ықтасын болып тұрған орман Астананың қорғаны емей немене?!

Астаналықтардың айтуынша,  Алматыдан жаңа көшіп келген кезде қаланы шаң басып, құбыла соққан жел адамды құлата жаздайды екен. Қазіргі таңда қала маңындағы орман аумағының ұлғаюына байланысты азынаған желдің күші бәсеңдеп, шаң-тозаң қала ішіне емін-еркін ене алмайтындай жағдай қалыптасқан. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдайды  туғызған. 

Бүгінгі таңда елорданың айналасындағы жасыл белдеудің көлемі табиғи орманы самсаған Бурабай ұлттық паркінің көлемімен теңесті. Жасыл белдеу ішінде сүйелді қайың, ұсақжапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, бозжиде, терек секілді ағаштар жапа-тармағай өскен. Олардың қолдан отырғызылғандығын кәсіби орманшы болмаса, былайғы көз ажырата алмайтындай. Сонымен қатар, қала айналасындағы ағаштардың қатары қалыңдай түскен сайын аң-құстар да көбейе түскен. Бүгінде қала маңындағы орман алқаптарынан Қазақстанның Қызыл кітабына енген аң-құстарды да кезіктіресіз. Яғни, орманмен бірге жаңа тіршілік, жайлы өмір бірге басталуда.

Астанаға жұмыс сапарымен барған сайын қалаға кіреберіс жолдардың айналасындағы қатар-қатар тізілген жасыл желек пен көз ұшынан бұлдырап көрінетін ну орман көңілге көтеріңкі сезім бағыштайтынын несін жасырайық. Сол кезде Астананы жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жұмыстар қала ішінде де жаппай жүргізіліп жатқандығын көзімізбен  көрдік. Кейінгі жылдары Астананы гүлмен көмкеру ісі де қызу қолға алынуда. Астана гүлзарлары қаланың әрбір шаршы метріне шаққанда еліміздегі ең жасыл қала Алматыдағы көрсеткіштен  асып түскен.

Астана орманының аумағын ұлғайтып, елорданы жасыл желекпен көмкеру ісі мұнымен тоқтап қалмайды. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген ұстанымнан таймасақ, елордамыз ел көңілінде жасыл қала бейнесімен жарқырай береді.

Қажет АНДАС