«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының ережесі

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 919

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының ЕРЕЖЕСI

  1. Жалпы ережелер
  1. Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық байқауын (бұдан әрі – Байқау) жариялайды.
  2. Байқауды өткізудің мақсаттары мен міндеттері: 

- мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту;

- мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері туралы мақалалар, бағдарламалар арқылы тұрғындардың санасын жаңғырту;

-  қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту.

3. Конкурс екі номинациядан тұрады:

1) «Үздік мақала»;

2) «Үздік теле-/радиобағдарлама».

4. Конкурсқа кәсіби журналистер (штаттағы және штаттан тыс), телевидение және радио, газет, сайт ұжымдары, сондай-ақ осы Ереженің   негізгі талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жөнінде мақалалар жариялаған азаматтар қатыса алады. Қатысушылардан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жөніндегі материалдар қабылданады. Материалдар аналитикалық талдаулар, ғылыми зерттеулер, проблемалар мен олардың шешу жолдарына негізделуі қажет. Ұсынылған материалдарда қазақша сөйлеуді ұлттық брендке айналдырудың тиімді жолдары көрсетілгені жөн.

5. Байқау материалдарын бағалау критерийлері:

- тақырыпқа сәйкестік;

- қамтылған ақпараттың нақтылығы мен шынайылығы;

- мәселені талдау тереңдігі;

- материалды жеткізу шеберлігі.

Байқауға қатысушы үміткерлердің ұсынған материалдары олардың кәсіби біліктерін, мультимедиалық сторителлинг және заманауи медиа мүмкіндіктерін, мемлекеттік тілді дамытудың заманауи моделін тұтас қоғамға және әрбір жеке оқырманға аша алуы қажет. Қатысушы авторлардың заманауи кәсібиленуі, оның ішінде дата-журналистік қабілеттері де (сапамен де, санмен де жұмыс жасау қабілеті) қаперге алынады.

Коммуникативтік ресурстарды орынды қолданып, заманауи медиатехнологияларды дәстүрлі журналистика құралдарымен кіріктіре отырып, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, сол арқылы мемлекеттік тілдің қызметі, даму жолдары мен мемлекеттік тіл саясатының түрлі қырларын, өзекті мәселелерін сапалы, сенімді және нәтижелі түрде баяндау – басты талап.

Байқауға қатысушылардың қазақтілді контентті қарқынды дамытудың заманауи жолдары мен инновациялық шешімдерін көрсете білуі маңызды. Әлеуметтік ортада, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің нық орнығып, еркін қолданылуында кездесетін кедергілерді айқындай отырып, негізгі шешімдер ұсыну шеберліктеріне мән беріледі.

6. Алдыңғы байқаулардағы Бас жүлдемен марапатталған жеңімпаздар қатыстырылмайды.

7. Байқауға қатысу үшін жоғарыда аталған екі номинацияның біреуі бойынша өтінім (қол қойылған, сканерлеген) erkin.obl.til@mail.ru электрондық поштасына, «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық байқауына» деген белгімен 2023 жылдың 1 тамызына дейін мынадай құжаттармен бірге жолдануы тиіс:

1) өтінім (осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша);

2) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 тамызға дейін  бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген екі материалды, соның ішінде газеттер мен сайттарда жарияланған мақалалар,  телевидение мен радионың бағдарламалары;

3) жарияланған мақалалардың «Word» форматындағы электрондық нұсқалары, скриншоттары (газет, сайт), теле-/радиобағдарламалардың жазбасы;

8. Ережеде көрсетілген мерзімнен кейін ұсынылған өтінім байқауға қатыстырылмайды.

9. Байқауға ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды.

2. Қорытынды ережелер

12. Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, журналистика салаларының білікті мамандарынан, ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен кемінде үш адамнан тұрады. Қазылар алқасының құрамы төрағадан және оның мүшелерінен тұрады. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады. Қазылар алқасы мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Қазылар алқасы мүшелері қатысушылардан түскен материалдар негізінде дауыс беру арқылы байқаудың екі номинациясы бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Қазылар алқасының шешімі хаттама түрінде ресімделіп, қазылар алқасының барлық мүшелері қол қояды. Байқаудың марапаттау рәсімі 2023 жылғы тамыз айында салтанатты түрде өткізіледі.

13. Байқау жеңімпаздары ұйымдастырушы бекіткен жүлде қоры мөлшерінде арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады. Бас жүлде және I орынға ие болған қатысушылар республикалық кезеңге жолдама алады.

14. Байқаудың жеңімпаздары туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының интернет-ресурсына орналастырылады.

Анықтама үшін:

Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы

Талдықорған қаласы, Қаратал шағын ауданы, 36/Б

Байланыс телефондары: 8 (7282) 40-10-49, +7 777 234-79-78