Жабайы сауда қайтсе тоқтайды?

Уақыты: 14.07.2023
Оқылды: 621

Қаланың көрікті де әдемі, заман талабына сай болуы ел атқамінерлері мен жергілікті жұртшылықтың жауапкершілігіне тікелей байланысты екені анық. 

Өздеріңіз білетіндей, Талдықорған қаласы орталығында сауда нүктелері көп. Ретсіз орналасқан жабайы базарларды күнкөріс көзіне айналдырған халық осы арқылы нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап отыр. Ал мұндай заңсыздыққа жол бермес үшін не істеу керек? Әрине, алдымен адамның тұрақты жұмысы болуы шарт. Осыған байланысты қаланың жаңа әкімі Ернат Бәзіл шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін кәсіпкерлермен бас қосып, көп уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан түйінді мәселенің күрмеуін тарқатуды бірлесе ойластырды. Салтанат сарайында өткен жиынға депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері, ел белсенділері және мемлекеттік органдардың жетекшілері шақырылды. 

Шаһар басшысы алдымен қаланың бүгінгі дамуы мен одан әрі өркендетуге бағытталған тың жобаларды сөз етіп, көпшіліктің ұсыныс-тілектеріне құлақ асты. Сонымен бірге қала орталығындағы Шевченко, Біржан сал, ақын Сара, Қабанбай батыр және Гауһар ана, Даиров көшесі бойындағы базарлардың қазіргі жағдайы туралы бейнеролик қатысушылардың назарына ұсынылды. Байқағанымыздай, онда азық-түлік пен киім-кешек, көкөніс, жеміс-жидек түрлері мен басқа да заттарды шатыр астында немесе жерде сатып отырған сатушылар жабайы сауда көрігін қыздыруда. Бұған қоса, жол бойына ретсіз қойылған автокөліктер де кептеліс туындатып, кедергі келтіруде. Бұл біраз жылдан бері қайталанып келе жатқан жағымсыз көріністің бірі. 

– Біз жаңалық ашып отырған жоқпыз. Ұзаққа созылған бұл мәселе көптен бері бәріңізге белгілі. Бірақ, бұлай жалғаса беруге болмайды. Қалайда оның шешімін тауып, жабайы сауданы болдырмаудың жолын қарастыруымыз керек. Оны бірлесе отырып жоспарлы және тұжырымдамалық түрде шешуіміз қажет. Өздеріңіз білесіздер, Арбат – қаланың орталығы. Сондықтан, оны заман талабына сай көрікті әрі таза болатындай өркениетті түрге келтіргеніміз дұрыс. Бәріміз бірлессек, бұған біздің күшіміз жетеді, – деді Ернат Дүйсенбекұлы. 

Қала әкімі, сондай-ақ, бүгінде зауыт, фабрикалар ашу, сол арқылы жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтудың айрықша маңызды екеніне ерекше тоқталып өтті. Талдықорғанның белгілі қоғам қайраткерлері Баниямин Файзуллин, Әмір Ғазалиев, Нұр Қанатұлы және басқалары қала басшысының бұл бастамасына қолдау танытып, мәселелерді білетін және көмек көрсетуге дайын адамдардан тұратын жұмыс тобын құруды ұсынды. 

Бұдан әрі Алматы қаласының сәулетшісі және депутаты Назерке Мундаханова Назарбаев көшесінің көрнекі тұжырымдамасын ұсынды. Оған облыстық әкімдік ғимаратынан екінші шағынаудандағы айналма жолға дейінгі көшенің ұзындығы 3 шақырым, жолдың екі жағында жалпы жер көлемі 12 гектардан асатын бөлігі кірді. Әзірлеушінің айтуынша, көше 3 аймаққа бөлінген, спорттық, тыныш демалыс және серуендеу. Жаяу жүргіншілерге қолжетімділік, кедергісіз орта, жаяу жүргіншілер мен автокөліктерге, автотұрақтарға кедергі келтірмейтін велосипед жолы, бір сөзбен айтқанда, аумақтарды ұтымды пайдалану қарастырылған.
Қала жұртшылығы тарапынан веложолдың қажеттілігіне, жасыл желектер мен арық жүйесін сақтауға, №4 және №5 мектептердің жанындағы автотұрақтарға, люктер мен кәсіпкерлердің жеке аумағына қатысты ілеспе мәселелер туындады. Сауда-ойын-сауық орталығын салу және қала шетінен өтетін теміржол арқылы қосымша өткелдер орнату туралы қосымша ұсыныстар түсті. 

Ернат Дүйсенбекұлы ой қорыта келе жұмыс тобын құрудың маңыздылығын атап өтті. Оған міндетті түрде қала жұртшылығының атынан өкілдік ететін адамдар кіреді. Сондай-ақ, қаланы жаңғырту және дамыту бойынша басқа да жобалар бірлескен кездесулерде талқыланатыны айтылды.

Айгүл Байбосынова
Талдықорған қаласы