ТОҚАЕВ: Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті.

Уақыты: 29.03.2023
Оқылды: 863
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясында мәжіліске көзқарасы әр түрлі саяси ұстанымдағы күштер келгенін айтты.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Ақорданың ресми Telegram-арнасы дерегіне сүйеніп хабарлайды.

"Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, мәжіліске көзқарасы әр түрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді", – деді мемлекет басшысы.

Осы ретте президент әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің де депутат атанғанын атап өтті. 

"Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты", – деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз: "Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік": Тоқаев Қазақстан парламентінің бірінші сессиясында сөз сөйледі

Фото: gov.kz

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ