Кәсіпкерліктің өрісі кең

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 358
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өткен жылы облыста жалпы құны 3.6 млрд. теңгені құрайтын 182 жоба қамтылды. Осыған орай 46 жаңа шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс бастап, 357 жұмыс орны ашылған. 


Талдықорған қаласында 17,0 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, 37 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар былтыр 263,7 млрд. теңгенің өнімін өндіріп,  бюджетке 20,4 млрд. теңге көлемінде кіріс кіргізді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 37 мыңға жуық  адам жұмыспен қамтылған. Арасында өз қаржысымен кәсіп ашып, кәсіпкерліктің қыры мен сырын меңгерген жерлестеріміздің де қатары көбейіп келеді. Бірқатары Талдықорған қаласының кәсіпкерлігін өркендету үшін жұмыс атқаруда. Баспасөз туры аясында солардың бірқатарын аралап, жұмыс барысымен және болашақ жоспарымен танысып, ұсыныс-тілегін жазып алдық. 

Олардың қатары Талдықорған қаласы табиғи ресурстарды тиімді жолмен игеретін, құрамында зиянды заттары жоқ өнімдерді шығаратын кәсіпорынмен толықты. Күнделікті тұрмысқа қажетті жуғыш заттарды  шығарып жатқан  «KARKYN.GRUP» ЖШС. 

Қарқын Тоқа жетекшілік ететін нысан ыдыс, киім (балаларға, ақ және түрлі түсті киімдерге)  және автокөлік шыныларын жууға арналған сұйықтық өнімдерін өндіреді. Цехта күніне бір тоннаға жуық майды жылдам кетіретін, құрамында хош иістендіргіші бар, қол терісіне қауіпсіз, экологиялық таза өнім шығарылып, облыс орталығындағы дүкендерге және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Қаламыздағы бірқатар дүкенмен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. 50 миллион теңге көлеміндегі жеке қаражатпен басталған кәсіп ауқымын алдағы уақытта кеңейту жоспарда бар. 

–  Кәсіпті бастарда алғашында 3 түрлі саланы ойладым, маған ыңғайлысы осы болды. Содан барлығын зерттеп, зерделей бастадым. Жуғыш заттарды өндіру әрқашан өте тиімді. Таңдауым осыған түсті. Қазіргі таңда халықтың басым көпшілігі білмейді, жарнама жұмыстарын жандандыру қажет. Алдағы уақытта мүмкіндік болса мемлекет тарапынан арнайы жер берілсе деген ниетім бар, себебі, қазіргі зауыт ғимаратын жалға алып отырмыз. Бұл да өз кезегінде қиындық тудырады, –  дейді жас кәсіпкер.

 «KARKYN.GRUP» ЖШС былтыр мамыр айынан бастап іске қосылып, желтоқсан айында өнімін нарыққа шығара бастады. Осы аралықта компания өнімдеріне түрлі сынама жүргізіліп, халықаралық сапа кепілдігін алды. Егер сұраныс пен тапсырыс болса, күніне 10 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндігі бар, арнайы сақтау, сату қоймалары да жоқ емес. Компания ерекшеліктері – шетелден  жаңа заманауи құрылғыларды енгізіп, сапалы өнім шығару, отандық өнімді халыққа қолжетімді бағада ұсыну. Төрт қызметкер мен екі жарнама және сату менеджері жұмыс атқаруда. 

– Жаңа жұмыс бастағандықтан барлығы бірден сәтті болып кеткен жоқ. Нарықты игеру үшін де біраз жұмыс жасауға тура келді. Әлі де сол бағытта жұмыс атқарудамыз. Мемлекеттік гранттарға қатысып немесе басқа да қолдауға жүгінбедік. Өніміміз өтімді болғанымен зауыт орналасқан ғимаратты жалға алу, жұмысшылардың жалақысы, шикізат мәселесі дегендей, қалтамызға да көп жүк түсіп келеді. Қаржы жағынан болмаса да мемлекет тарапынан зауыт салатын орын берсе үлкен көмек болар еді, – дейді Қарқын Тоқа.

Қажет АНДАС