КОРЕЯДАҒЫ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ мемлекетіміздің беделіне көлеңке түсірмесе екен

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 388
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мен өткен жылдың соңына таман  Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Ханяң университетінде ғылыми тағылымдамадан өттім. Ғылыми жетекшім Абаған Ақеркенің жетекшілігімен «Оңтүстік Кореядағы заңды құжаты жоқ қазақстандық еңбек мигранттарының әлеуметтік мәселелері» атты тақырып аясында зерттеу жүргіздік. Осы мақсатта Кореяда еңбек етіп жүрген отандастарымызбен жолықтым. Ансан қаласындағы Кореяның мигранттарға жауапты органдарымен кездесулерде материалдар жинақталды. Сеулдегі Қазақстан елшілігінде қызмет ететін жауапты өкіл Бауыржан Тоққұловпен кезіктім. Жоғарыда аталған тақырып аясында  айтылғандар оқырмандар үшін де маңызды болар деген ойдамын. 


Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 28 қаңтарында орнатылып, содан бері қос мемлекет арасындағы байланыс  барынша дамыды. Екі елдің сыртқы саясатта өзіндік берік ұстанымы бар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Корея Республикасы елімізге жан-жақты қолдау көрсетуде.  2014 жылы екі ел  арасындағы 30 күндік визасыз режимге қол қойылып,  ресми түрде іске қосылып, қос мемлекеттің өзара тығыз байланысқа мүдделілігіне  әрі сенімді серіктес екендігіне дәлел болды. Алайда, уақыт өте келе отандастарымыз шектеулі мерзімнің аяқталғанына қарамастан Кореяда заңсыз қалып қоюды әдетке айналдырды.  Бұл жағымсыз үрдіс алға жылжыған уақытпен бірге асқынып, заңды құжаты жоқ қазақстандық мигранттардың көбеюіне себеп болды. Отандастарымыздың Кореяда заңсыз жүруі екі елдің жауапты органдарын алаңдатты. Заңды құжаты жоқтар арасында адам құқықтарының бұзылуы, алаяқтық, зорлық-зомбылық және әлеуметтік-мәдени мәселелер көбейді. Осыған қатысты еліміздің Кореядағы елшілігі Үкіметке мигранттар мәселесін қарастыру жайлы ұсыныстар жасаған. Дегенмен, жұмыс визасы мәселесін шешу біраз уақытты талап етеді.  Біздің  азаматтарға басқа мемлекетте заңды еңбек етуге рұқсат беретін жұмыс визасын алу сол баратын елдің қоятын талаптарына сай болғанда ғана жүзеге асады. 

Сеулдегі Қазақстан елшілігіне жол түскенде осы мигранттар мәселесін зерттеуіме елшіліктің бірінші хатшысы Бауыржан Серіктесұлы қолдау көрсетті. Екеуара әңгіме барысында Кореядағы еңбек мигранттарына арналған саясат, жұмыс визасын беру мәселесінің шешілуі, қазақстандық еңбек мигранттары қандай көмектерге мұқтаждығы төңірегінде орын алған түрлі жағдайларға байланысты  елшілік тарапынан қандай қолдау және көмек болатындығы туралы сөз қозғалды. 

Бауыржан Серіктесұлының айтуынша, Кореядағы еңбек мигранттары көмекке зәру болғанда міндетті түрде елшілікке жүгінеді. Өкінішке қарай,  соңғы жылдары отандастарымыздың аталған елге еңбек ету үшін заңсыз баруының жиілегені мәселені ушықтыра түсті. Заңды құжаттарының жоқ болуы салдарынан жұмыс беруші тарапынан уақытылы жалақы алмау, жұмыстағы қауіпсіздік шараларын дұрыс білмеудің кесірінен жарақаттану мен медициналық көмекке жүгіне алмау жиі кездеседі. Өзара түсініспеушілік пен саяси және діни көзқарас қайшылықтарына байланысты орын алатын жағдайлар да болып жатады. Алаяқтарға алдану немесе әлеуметтік қысымға ұшырауға және тағы да басқа  мәселелерге байланысты да елшілікке хабарласады. Бұл елде заңды еңбек етуге құқықтарының жоқтығынан жергілікті жауапты органдардың көмегіне жүгіне алмайды. Кореяда еңбек етіп жүріп, жазатайым оқиғадан мерт болғандар да бар. 
 «Күніне көптеген хат түседі, ондаған отандаспен кездесеміз. Біз бәріне бірдей көмектесуге тырысамыз. Кейде жұмыстың тығыздығы мен маңызды мәселелер көбейгенде  қиналып қалатынымыз да рас. Дегенмен, заңды, заңсыз еңбек ететініне қарамастан оларға бірдей қарау және көмек көрсету біздің жұмысымыз», – деген Бауыржан Серіктес- ұлы қазақстандықтарға Кореяда еңбек етуге виза беру мәселесі қаралғалы біраз болғанына да тоқтала кетті. 

«Еліміз бен Корея арасында жұмыс визасы қарастырылуда. Елшілік тарапынан бұл мәселені көтердік. Отандастарымызға жұмыс визасы бірден беріле салмайды. Бірінші кезекте  Қазақстанда  Кореяға жұмысқа барамын деушілерді дайындайтын, Кореяның миграциялық өкілдері мен Еңбек министрлігі тарапынан қойылған шарттарға сәйкес келетін орталық ашу керек. Одан кейінгі жағдай  орталықтың жұмыс нәтижесіне байланысты болмақ.  Заңды еңбек етуге берілетін құқықты пайдаланып, заңсыздыққа барғандар  көп тіркелсе, орталық жабылып қалуы мүмкін. Сондықтан азаматтарымыз заңды еңбек ету құқықтарын бұлжытпай сақтауы, берілетін құқықтарды дұрыс пайдалана білуі және заңсыз әрекеттерге бармауы қажет», – деді  елшіліктің жауапты тұлғасы. 
Шынында, заңды еңбек етуге ресми түрде келісім алған соң Корея тарапынан қойылатын міндеттерді мінсіз орындаудың маңызы  арта түспек.  Жақында Үкіметтің қазақстандықтарға жұмыс визасы беріледі деген ресми қаулысы шықты. Бұл екі ел арасындағы байланысты одан ары күшейтетіні сөзсіз. Ендігі кезекте қазақстандықтар үшін заңды еңбек етуге берілген рұқсатты дұрыс қолдана білу керек. 

Қазақстандықтардың Кореяда еңбек етуіне ешкім қарсы емес. Бірақ барлығы заң аясында болуы қажет. Заңсыз келгендер өз құқықтарын қорғай алмайды, басына іс түсе қалса  жергілікті полиция органдарына немесе жауапты қызметтегі адамдарға  жүгінуге  мүмкіндік жоқ. Оларға өкілетті органдар көмектесуі мүмкін, бірақ мәселесі шешілген соң  бірден елден шығарып жібереді. Ақыры қиналған кезде елшілікке барады. Көбіне заңды еңбек етуге құжаттары жоқ мигранттар арасында оқыс оқиғалар жиі тіркеледі. Ауыр жұмысқа шыдай алмаған және жұмыс барысында жарақат алған азаматтар жиі кездеседі. Жазатайым мерт болғандардың денесін елге жеткізу де елшіліктің мойнында. Сондай сәттерде  заңды құжаттың болмауынан қиындықтар туындайды. 

«Жалпы қазақстандықтарға Корея еліне жұмыс визасын беру соңғы уақытта өте өзекті мәселеге айналды. Бұрын да бұл мәселе айтылмады емес, алайда соңғы уақытта тым күрделеніп кетті. Ақпарат құралдары да аталған проблеманы жиі қозғай бастады. Әлеуметтік желілердің басты тақырыптарының біріне айналды. Осыған байланысты екі мемлекеттің жауапты органдары  бір-біріне тиісті ұсыныстар жасады. Біздің тараптан Кореяның Еңбек министрлігіне жолданған ұсыныс құптауға ие болды. Корей Үкіметі де біздің жауапты органдарға өз ұсыныстарын жіберді. Біздің еңбек мигранттарын жіберетіндей дайындығымыздың бар екендігін дәлелдеуіміз қажет.  Егерде біз талаптарға сай және еңбек мигранттарын дайындай алатындай болсақ, онда Корей үкіметі қолдауға дайын», – дейді  елшіліктің бірінші хатшысы.     

Қазақстанның Кореядағы елшілігі ұзақ жыл бойы қос мемлекеттің бейбіт әрі бекем байланысы үшін еңбек етіп келеді. Корея мен Қазақстан арасындағы визасыз режимнің орнағанына биыл 10 жыл болды. Елшілік осы жылдар барысында   еңбек етуге келген мигранттарымыздың мәселесін назарда ұстап, барлығын заң ауқымында реттеп отырды. Қазіргі кезде Кореяда 35 мыңнан астам отандасымыз бар болса, осылардың  12 мыңнан астамы заңсыз жүргендер. Қазақстанның елшілігі заңсыз еңбек мигранттарының мәселесімен ғана айналыспайды. Өзге де отандастарымызға қажет кезде көмектесіп,  екі ел арасындағы халықаралық байланыстарды нығайту мен қос елдің арасындағы мәселелерді шешуге тікелей атсалысады. 

Гүлден ҚАЛИЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 2-курс магистранты
Алматы – Сеул – Алматы