БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 2005
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Оған білім ошақтарының дайындығы қандай? Ұстаздардың жайлы орында жұмыс істеп, оқушылардың  алаңсыз білім алуы үшін қажетті жағдай жасалған ба? Осы орайда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров Қаратал ауданындағы бірқатар мектепті аралап, жаңа оқу жылына дайындық барысын саралады. 

Кәсіподақ ұйымының басшысымен бірге орынбасары Нариман Естібаев, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Абақов ере жүрді. Садық Нұрсапаұлы алғашқы кезекте Айту ауылындағы Жаңаталап орта мектебіне бас сұғып, биыл жартылай жөндеуден өткен білім ошағының  жай-күйіне назар аударды.

1986 жылы салынған мектеп күрделі жөндеуге сұранып тұрған-ақ еді. Астана қаласындағы электр энергиясын дамыту және энергия үнемдеу институтының ескі мектептерге жүргізген мониторингінің нәтижесінде мектепке жөндеу жүргізіліп, жарық беретін үнемді шамдар қойылған. 

– Халықаралық банктің қаржы бөлуімен биыл мектебімізге пластик терезелер, темір есіктер қойылып, сыртқы жағы суық өткізбейтін материалдармен қапталды. Соған қуанып жатырмыз. Енді оқушыларымыз жылы мектепте оқитын болады, – дейді мектеп директоры Шолпан Арпабаева.

Сонымен қатар биыл биология кабинеті жабдықталған. Химия кабинеті 2012 жылы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бастауыш сынып кабинеттері экран және интербелсенді тақтамен қамтамасыз етілген. Мектеп кең жолақты интернетке қосылған.

Оқу шаңырағында жаңа оқу жылында 219 оқушы білім алмақ. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 46 оқушыға көмек көрсетілген. Білім сапасы жылма-жыл артып, биыл 61,2 пайызды құрауда. Оқушылар оқулықпен қажетті деңгейде қамтамасыз етілмек.

Кәсіподақ ұйымының өкілдері мектептің сұйық отынмен қамтылу жайына да назар аударды. Мектеп директоры жылыту маусымына қажетті 19 тонна сұйық отын жеткізіліп, арнайы ыдыстарға құйылып, сақтауға қойылғандығын көрсетіп, қыс маусымына дайындықтың ойдағыдай жүзеге асып жатқанынан хабардар етті. Жылу қазандығы да былтыр ауыстырылған.

Келесі кезекте Садық Нұрсапаұлы бастаған топ ‡штөбе қаласындағы І. Есенберлин атындағы орта мектепке бас сұқты. Бұл  мектепке 2016 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Биыл ағымдағы жөндеуден өткен мектептің іші-сырты айнадай таза, білім ошағының жаңа оқу жылына сақадай сай дайындығы көрген жанның көңілін қуантады.

Садық Нұрсапаұлы білім ошағының қауіпсіздігі жайына ерекше мән беріп, өрт, басқа да зілзала кезінде қолданылатын құрал-саймандардың толық болуына жіті назар аударды. Шеберханада қауіпсіздік ережелерінің сақталуы мен асханада дұрыс тамақтану қағидаттарының ілінуіне айрықша көңіл бөлді. Барлық қауіпсіздік ережелерінің талапқа сай екендігіне көз жеткізді. Әсіресе, стадионның қоршалып, балалардың алаңсыз спортпен айналысуына қажетті жағдайдың жасалғанына ризашылығын білдірді.

Кәсіподақ саласының қызметкерлері бұдан соң Кемел Тоқаев атындағы орта мектепте болды. Бірінші кезекте 2013 жылы ашылған мектеп жанындағы аллеяға барып, жасыл желекпен көмкерілген алаңның оқушылардың патриоттық шаралар өткізіп, бір мезет  тынығып, демалуына да негіз болатындығына көңіл аударды.

Бұдан соң мектеп ішіне кіріп, Кемел Тоқаев музейімен танысты. Жалпы іргетасы 1963 жылы қаланған мектепке 1996 жылы Кемел Тоқаев есімі берілген. Ал 1997 жылы мектеп ішінен музей ашылған. Мұндағы суреттер Кемел Тоқаевтың жеке мұрағатынан алынған. Соңғы 10 жылда музей жанынан қайырымдылық қоры құрылған. Соның негізінде жыл сайын тұрмысы төмен отбасы балаларының жоғары оқу орнында тегін білім алуына мүмкіндік жасалуда. Бүгінге дейін 50 балаға грант тағайындалған. Қорға бұрынғы мектеп директоры Валентина Спиридонова жетекшілік етеді. Жалпы мектепке Тоқаев есімінің берілуіне, музейдің ашылуына Валентина Григорьевнаның сіңірген еңбегі зор.

Бұл мектептің де жаңа оқу жылына дайындық барысы, қауіпсіздік шараларымен толықтай танысқан соң Садық Нұрсапаұлы мұғалімдермен шағын жиын өткізді.

Біздің мақсатымыз – тексеру емес, ұстаздардың қауіпсіз орында жұмыс істеуін, еңбегіне сай марапатталуын, құқығының қорғалуын қамтамасыз ету. Осы орайда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы барысымен танысып шықтық. Өйткені, ұстаздарымыз жайлы да жылы орында еңбек етуі керек. Денсаулығы, отбасы жағдайы бәрі де қалыпты болуы тиіс, – деді ол.

Өз кезегінде сөз алған мектеп директоры Сағымбек Карбузов білім ошағы 2013 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қажетті құралдармен қамтылғанын айтып, ұстаздар қауымы жаңа, жылы да жайлы орында еңбек етіп жатқанын алға тартты.

Жалпы Қаратал ауданы бойынша 30 орта білім ошағы бар. Барлық мектеп ағымдағы жөндеу жұмысынан өткен. Мұндағы 5 мектеп орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Қалған білім ошақтары биоотынмен, сұйық отынмен, көмірмен жылытылады. Жылыту маусымына қажетті сұйық отынның 60 пайызы жеткізілген. Қалған отын түрлерімен де қажетті деңгейде қамтылуда. Жаңартылған бағдарлама бойынша 4, 9, 10-сыныптарға оқулықтар алынып, оқушыларға үлестірілуде. «Мектепке жол» акциясы аясында көмекке мұқтаж 1275 бала анықталып, бүгінге дейін 191 оқушыға көмек көрсетілген. Атқарылып жатқан осынау жұмыстарды саралай келе Қаратал ауданындағы мектептер жаңа оқу жылына дайын деуге негіз бар.

 

Алма Есенбаева