ТАЛДЫҚОРҒАНДА "ТЕРЕЗЕМНЕН АЙ ҚАРАЙДЫ" АТТЫ ӘДЕБИ КЕШ ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 21.03.2022
Оқылды: 2477
Бөлім: РУХАНИЯТ

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында ақын, философ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы “Жас қалам” бірлестігінің, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқанмен «Тереземнен ай қарайды» атты кездесу кеші өтті.

Жиын қаламгердің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін бейнеүзіндімен шымылдығын түрді. Шарада алғашқы болып кеш кейіпкері Мұратхан Шоқан сөз алды. Ол:

– Кітапханашылармен, ұстаздармен және руханиятты бағалайтын шәкірттермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Балаларды кітапханаға шақырып, саналарына сәуле түсіру - біздің басты міндетіміз. Ұлтты ойлайтын азамат ретінде осыған атсалысуымыз керек. Балалар - біздің болашағымыз, – деп ақжарма тілегін жеткізді.

Өз кезегінде №28 ІТ мектеп-лицейінің оқушылары ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Сонымен қатар, кітапхана ұжымының атынан Мұратхан Шоқанның иығына шапан жабылды.

Алматы облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Пилалов пен әділет департаменті зияткерлік меншіктік қорғау бөлімінің басшысы Елтай Әубәкіров сөз алып, ыстық лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде кеш кейіпкері оқырманның көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, ақыл-кеңесімен бөлісті. Зиялы қауым мен оқушылар қатысқан жиын осылай өз мәресіне жетті.

Кәмилла ТҰЯҚОВА,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті

Алматы облысы