ТАЛДЫҚОРҒАНДА БҮГІНГІ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 06.11.2022
Оқылды: 1690
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлт құндылықтарын ұлықтап, тарих тізбегіндегі тылсым сырларды ашып, еліміздің ғасыр бойғы шежірелі белестерін жарқырата бедерлеп келе жатқан республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің басшылық құрамы Жетісу жеріне арнайы ат басын бұрды. Тіл сарайында өткен жиында қос басылымның басшылары сапар барысын сөз етіп, елдің үнпарағы жайлы жұртшылықпен пікірлесті.

Аталмыш жиынды жүргізіп отырған айбоз ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін қос гезеттің қазақ руханиятындағы алар орнын айшықтап, бүгінгі оқырманның басылым бетіне үңілмейтінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, елдің жүгін арқалап, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірлік міндетті адал атқарып келе жатқан қос басылым басшыларымен таныстырып өтті.

Өз кезегінде «Казахстанская права» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан сөз алып, ата басылымдардың тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Белгілі қаламгерлер тағылымды ой айтып, бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі мәселелерді, ел ішіндегі, саясаттағы жаңалықтарды тілге тиек етті. Тұғыры биік басылымдардың ел мүддесіне жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.

Арнасы бөлек айбынды басылымдар туралы Жетісу жеріндегі зиялы қауым өкілдері өз сөзінде тереңінен толғанды. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков, белгілі журналист, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, «Жетісу» газетінің бас редакторы Болат Абаған, ақын Құрметбек Сансызбайұлы, ардагер журналист Кенжехан Рақыш сынды өңір азаматтары газет құндылығы, оның қоғамдағы салмағы мен руханияттағы орны туралы толғанды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"