"Күреңбел түрікпендері" оқырманға жол тартты

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 3425
Бөлім: РУХАНИЯТ

Киелі Күреңбел өңіріндегі Шанханай ауылының дәмханасына алыс-жақыннан келген зиялы қауым және ауыл тұрғындары жиылды. Ауыл түлектері – Жақан Дуанаев, Ермек Абақов және Болатхан Жазылбеков аталмыш шараны ұйымдастырып, Нұртай қажы Айдынбаевтың жинақтаған «Күреңбел түрікпендері» атты кітабының тұсаукесерін өткізуге атсалысты.

Баспагер, жазушы Манарбек Ізбасаров жиынның тізгінін қолына алып: 
– «Иесіз ел болмайды, киесіз жер болмайды» дегендей, Күреңбел аруақты аталарымыз бен бабаларымыз, батыр, би, әулие-әмбиелердің жаны сая тапқан жер. «Қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады», «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді қазақ. Осы орайда осы өңірдің тумасы, абыз ақсақал Нұртай қажы Айдынбайұлының «Күреңбел түрікпендері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтпек. Кітаптың құрастырушылары – академик-журналист Жұмаш Арғынбаев, тарихшы-шежіреші Асқар Селеубаев, баспагер, жазушы Манарбек Ізбасар, ауыл түлегі Ермек Абақов. Кітап «Ұлағат» баспаханасынан шықты. Бұл тек қана ел шежіресі емес, сонау ықылым заманнан бері көптеген тарихшы, шежіреші ғалымдар мен жазушылар жинаған, ғылыми деректердің негізінде жазылған кітап. Жинақ «Күреңбел жерінің ерекшелігі», «Күреңбелдегі тайпалардың тарихы», «Күреңбел өңірінен шыққан дара тұлғалар», «Ата-бабалар тарихы. Қазақ атамыз туралы», «Күреңбел түрікпендері», «Қыдырелі түрікпендері» атты бөлімдерден тұрады, – деп ел шежіресін жинаған ерлерге алғысын жеткізді. Бұдан соң ауыл имамы Асылбек Сайынұлы аруақтарға Құран бағыштаса, тарихшы-шежіреші Асқар Селеубаев Ақарыс атадан бергі тоқсан атаның атын атап, бата жасап, артындағы ұрпағына бақытты ғұмыр тіледі.  
Кітаптың тұсаукесерінде автор Нұртай қажы Айдынбайұлы:
«Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан өршіл ұрпақ ретінде Ұлы даламыздың дара тұлғаларын, дана кемеңгерлерін түгендеп, ұлттық қасиеттерімізді қастерлеуге ден қоя бастадық. Соның  бірі – артындағы дүйім елге өзінің атынан ру қалыптастырып кеткен Түрікпен бабамыз болады. Түрікпен Қарасайұлы – Қарасай бабамыздың алты ұлының бірі. Қарасай Алтынайұлынан Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек, Еркен және Төркен атты балалар туса, Түрікпен бабамыз – Қарасайдың үшінші ұлы. Биыл Қарасай бабамыздың 420 жылдығы аталып өткелі отырса, оның ұлдарына 380-390 жылдың көлемі болады екен. Демек, Түрікпен бабамыздың жасы 380 жас шамасында болады. Бұл дегеніміз, бүгінгі күні Түрікпен баба ұрпақтарының он екінші, он үшінші буындары өмір сүруде дегенді білдіреді. Қарасай баба ұрпақтарының Көкшетаудан Жетісу жеріне келгендігі Румянцевтің «Уезды Жетісу» кітабының 213-бетінде көрсетілген. Орыстың тарихшы ғалымы да Қарасай батырдың Арқадағы Айыртауда жерленгенін дәлелдеп отыр. Және олардың кейінгі заманда Қапал уезі аталған өздерінің байырғы атамекендері – Алтынеміл жеріне көшіп келгені де осы деректер арқылы біздерге жетті. Сонымен Қарасай бабамыздың арғы аталары былай келеді: Қарасай Шапырашты бабамыздың отыз алтыншы ұрпағы, Бәйдібек бидің отыз сегізінші ұрпағы болады. Қарасай баласы Түрікпен – біздің бабамыз» – дей келе, шежіре түзіп, кітап шығарудағы мақсат, түрікпен руын елден бөліп қарастыру емес, керісінше, сол елді біріктіру екендігін айтқым келеді, – деп сөзін түйіндеді.   
Бұдан соң Манарбек Ізбасаров кітаптың тұсаукесер рәсімін жасауға әр атаның ұрпақтарын шақырды, олар: ардагер-заңгер Серік Байбатыров, «Бәйдібек» қорының президенті, академик-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, журналист-жазушы Жұмаш Арғынбайұлы, тарихшы-шежірешілер – Асқар Селеуов, Серікбек Еркінбекұлы, Зылиха Тамшыбаева апамыздың ұлы Қанат Тоқсанбайұлы, Жамбыл ауданы мәслихатының хатшысы Саят Жұрынов, аудан әкімінің орынбасары Болысбай Тоғысбайұлы, ауыл ақсақалы Мүлкін қария Нұрланұлы. Қазақы киім киіп, ақ кимешекті үлгі еткен ауылдық кітапхананың кітапханашылары  Жұмакүл  Төстекбаева мен Бұлбұлхан Дуанаевалар шашу шашты. 
Сөз кезегі тиген аудан әкімінің орынбасары Болысбай Тоғысбайұлы: «Құрметті ағайын, тарихтың әлі де зерттелмеген беттері көп деуге болады. Қазақтың кім екенін бүкіл әлемге танытатынымыз айқын. Нұртай қажының кітабы ақ көңілмен, ақ пейілмен, ізгі ниетпен оқылатын дүние деп ойлаймын» – деп қонақтарға алғысын айтты. Артынша академик-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы: «Біздің ел биылғы жылды Қарасай батыр жылы деп жатыр. Соған орай кітап шығару, конференция өткізу ұйғарылған екен. Соңымызда мәңгілікке қалатын – кітап. «Қарасай батыр» атты экспедиция жұмыс істеп жатыр. Жиырма жыл бұрын қолға алған ғалымдарымыз әлі де зерттеуде» – дей келе көпшілік көзінше кітап авторының иығына шапан жауып, ақшалай сыйлығын ұсынды. Қазақстан судьялар алқасының төрағасы, ардагер заңгер Серік Байбатыров Күреңбелде он бір жыл, жеті ай, он күн қызмет еткенін ерекше мақтанышпен айтып өтіп, бір-бірін іздеп бас қосқан ағайынға алғысын жеткізді. Артынша тұсауы кесілген жаңа кітаптың екі жүз елуден аса данасы жиылған жұртшылыққа таратылды.
Жиында алқалы қауым, аузы дуалы қариялар сөз сөйлеп, алғыстарын айтып жатты. Ә. Сарыбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінің әншілері Азамат Үмбетов пен Оралбек Тұрысбеков әннен шашу шашып, қошеметке бөленді. Осы жиынның басы-қасында жүрген ауылдық Мәдениет үйінің директоры Бауыржан Байсуанов және ауылдық кітапхананың кітапханашылары Жұмакүл  Төстекбаева мен Бұлбұлхан Дуанаевалар да игі шараға атсалысып, үлкендерден бата алды.  

Айнаш МӘМІЛЕНҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы