ӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАРШАДАЙ ҰЛ

Уақыты: 15.12.2018
Оқылды: 1425
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жұмыр жер бетін сан ғасыр бұрын ата-баба айбары шарлаған еді. Баһадүр батыр, саусағынан бал тамған шеберлердің атағы да алыс мұхиттың арғы бетіндегі жұрттың құлағына жеткен. Жаугершілік заманның қыспағы мен кеңестік кезеңнің ықпалы қабырғаға аз батпады. Талай дүлділдердің таланты тапталып, тағдырына балта шабылды. Қан төгіліп, жан беріліп жеткен тәуелсіздік арқылы қайта түледік. Жоғымыз табылып, барымыз түгенделді. Осы бір арайлы азаттықтың ең үлкен жеңісі өнер өлкесіндегі қаршадай ғана қазақтың Димашы.

Елдің маңдайына біткен Дінмұхамед Қонаевтың есімін иеленген Дінмұхамед Құдайбергенов әлем жұлдыздарының ішінен ойып орын алды. Өткен ғасырда Парижде ән салған Әміре Қашаубаевтан соң сол биікке Димаш көтерілді. Өзімен бірге қазақтың ұлттық үнін де танытты. Енді бүкіл әлем қазақша ән айтып, қазақ әуеніне еліте бастады. Оның бұл дәрежеге қалай жеткеніне көз салсақ.
Алдымен Белоруссиядағы халықаралық «Славянский Базар» конкурсында топ жарады. Содан кейін миллиардтардың аңсары ауған қытайлық телешоу «Singerге» барып, бақ сынайды. Осы дода арқылы бірталай әнші әлемге әйгіленді. Солардың бірі – Виталий Грачев (Витас). Дауыс диапазонының кеңдігі мен «Опера 2» әні арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген болатын. Жыл сайын Қытайда жеке концертін өткізіп, тіпті, киноларына да түсіп жүрді. Дәл сол жобаға қатысқан Димаштың аты да бірден айды аспанға шығарды. Әнсүйер қауым оны екінші Витас деп білді. Оның да сыры бар. Телешоуда «Опера 2» әнін жоғары деңгейде орындағаны соншалық, «екі әншінің қайсысы мықты» деген тартыс пайда болды. Тыңдармандардың пікірінше Димаш Витастан жоғары нотаны ұстап, асып түсті. Екеуін салыстырған видеолар «YouTube» желісінде желдей есіп,  тұтанған отты үрлей түсті. Тіпті Витастың продюсері авторлық қоғамға шағым білдірді. Бастысы қазақ ұлы өз мықтылығын дәлелдеп шықты. Өнеріне тамсанған белгілі әнші Лара Фабиан Димаш Құдайбергеновпен кездескісі келетінін хабарлаған еді. Теледидардан көрген белгілі актер Джеки Чан да кездесуге шақырып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Димаш қазақы шапан мен ұлттық домбыра ұсынды. Актерге Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындап, тамсандырды. «Singer» жобасының ақтық мәресіне өтіп, екінші орын алған соң да әншінің атағы әйгілене түсті. Сәт сайын тыңдармандары көбейіп, әлемнің әр елінен бейнежолдаулар ағылды. Қытайлықтардан күн сайын сыйлық келіп, концертін тағатсыздана күтетін болды. Америкалық актриса Ева Лонгорияның шақыруымен Франция астанасы Париждегі «Global Gift Gala» қайырымдылық концертінде өнер көрсетті. Міне, осылайша аз уақыттың ішінде қаршадай ұлымыз дүниенің төрт бұрышына танылып, есімі мақтанышқа айналды. 
Күні кеше миллиардтардың көзайымы «Әлем аруы – 2018-де» «Ұмытылмас күн» әнін айтып, қазақ өнерін әлем көгінде самғатты. Ал Лондонда өткен екі жарым сағатқа созылған жеке концертінің шымылдығын да қазақ әнімен ашты. Мемлекеттік Ту мен ұлттық киіммен шыққан бишілер сахнаға сән берді. Әлемнің 45 елінен келген тыңдарман концертті аяғынан тік тұрып тамашалады. «Адай» күйін орындап болған соң домбыраны басынан жоғары көтеріп құрмет көрсеткен Димаш жұртының мерейін асырды. Ұлыбританиядағы «Икс Факторда» орындаған «Грешная страсть» әні көрерменмен қатар қазылар алқасының көзіне жас үйірді. Кремельдегі Игорь Крутой екеуі орындаған «Любовь уставших лебедей» әні де үлкен баға иеленді. Осындай белестерді бағындырған өнерпазға дүйім халық тілектестік танытуда. Тақырыпқа тұздық ретінде журналист Дина Елгезектің «Фейсбуктағы» парақшасындағы мына пікірін ұсынуды жөн көрдік:
Саф өнер – биік әрі ақсүйек...
Димаштың аккаунтын қарап шықтым. 
Әріптестерімен жарысып кино түсірмепті, көпке көкіп ақыл айтпапты, желіге ішкен-жегенін, жүрген-тұрғанын салмаған екен... Жылт-жылт еткен жарнаманы да байқамадым. Қатарластары секілді бизнесмен де болып кетпепті.
Фотоларында бірыңғай киелі саxна төрінде ән шырқап тұрған сәттері. Асыл өнерге деген құштарлық hәм тағзым осыдан білінсе керек. 
Қуанып қалдым. Осы биігіңнен құлай көрме,  інім. Сенің жолың – бір ғана жол. Ол – Құдай берген өнерге қызмет ету! Құдай берген өнер сені ырыссыз қалдырмас! Сен, бәлкім, өнерде фальшсыз, мөлдір, бекзат жаңа «кастаның» қалыптасуына ықпал етіп,  соңғы кезде белең алған тобырлық «мәдениеттен» қазақты құтқарып қаларсың...

Иә, «кейбір» жұлдыздар секілді көкірегін кермеді. Бойында бар қазақы биязылық пен қарапайымдылықтан арылмады. Ең бастысы ұлтына, оның саф өнеріне деген махаббаты, сүйіспеншілігі еш төмендеген емес. Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып жүрген Димашқа қалың жұрт болып біз де тілектеспіз. Ән әлеміндегі қанаты талмасын демекпіз.

Мәулен Әнербай