АЛАШ АЗАМАТЫ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1771
Бөлім: РУХАНИЯТ
Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Д. А. Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, ҚР Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Д. Қонаев атындағы университеттің Құрметті профессоры, «Kazgor»жобалау академиясының Құрметті академигі, Алматы қаласы мен Алматы облысының Құрметті азаматы Кеңес АухадиевтІң 80 жылдығына орай  кездесу өтті.
Айтулы шараға келген мерейтой иесінің әріптестері, елімізге танымал тұлғалар, қаладағы архив, мәдениет және білім мекемелерінің басшылары, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушылары мен студенттері алдымен Алматы облысы мен қаласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан Кеңес Мұстаханұлының жауапты мемлекеттік қызметтердегі қажырлы еңбегін айшықтайтын құжаттар мен фотосуреттерден құрылған көрмені тамашалады. Дөңгелек үстел басындағы отырысты ашқан Президент архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова кездесуге келген қонақтарға алғысын білдіргеннен кейін, салтанатты шараның ең маңызды сәті – Кеңес Аухадиевтің жаңадан жарық көрген «Алматы бір күнде орнаған жоқ», «Алма-Ата не сразу строилась» кітаптарының тұсаукесер рәсімі атқарылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан майдангердің баласы сол кезде халық басына түскен ауыртпалықты көппен бірге көре жүріп, құрыштай шынығып шыққаны белгілі. Мектепті үздік бітіргеннен кейін Шұбар ауылшаруашылық техникумында мамандық меңгерген ол еңбек жолын Панфилов ауданындағы Ленин ұжымшарында трактор бригадасының бригадирі болып бастайды. Қиындық атаулыдан тайсалмайтын еңбекқор жігіт бірден басшылардың қолдауына ие болып, көп кешікпей аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымына тағайындалады. Бұл салада да жемісті еңбек етіп, Алматы облысының комсомол ұйымын, кейіннен Қазақстан ЛКЖО-ның идеология саласына жетекшілік етеді. Осыдан кейін Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы сынды жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Дінмұхамед Қонаевтың басшылығымен Асанбай Асқаров, Бәйкен Әшімов, Өзбекәлі Жәнібековтердің өнегесін көрген Кеңес Мұстаханұлы халқына адал қызмет етіп, ел құрметіне бөленгені белгілі. Өңірін көмкерген «Октябрь революциясы», үш «Құрмет белгісі» және тәуелсіз Қазақстанның «Парасат» ордендері мен көптеген медаль осыған дәлел бола алады.
Кеңес Аухадиев Алматы қаласы мен облысын басқарған жылдары Отанымыздың сол кездегі бас қаласы – оңтүстік астананың гүлденуіне елеулі үлес қосқан болатын. Ол өз сөзінде Димаш Ахметұлының тікелей басшылығымен Алматыны көркейту жұмыстарын, мұндағы аса ірі ғимараттар қалай салынғанын, қандай кедергілерге тап болғанын, көлденең келген мәселелерді қалай шешкендерін әңгімеледі. Сейсмикалық қаупі жоғары саналатын қалада биіктігі 102 метр болатын «Қазақстан» қонақүйінің салынуы, Республика алаңының пайда болуы, Үлкен Алматы каналының құрылысы, Оқушылар сарайы мен Қазақ драма театры, ғалымдар академиясы, орталық көк базар, бүгіндері Алматының көркін кіргізіп тұрған көптеген қонақүй мен тұрғын үйлер сол жылдардың жемісі екені дау туғызбайды. Ал «Арасан» моншасының салынуы, кейіннен оның құрлысына байланысты арыз-шағымдар мен тексерулер өз алдына жеке әңгіме. Кеңес Мұстаханұлы осы жайларға қатысты естеліктерін ортаға салып, ірі жобалардың қалай жүзеге асырылғанына тоқталып өтті.
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жеке қор бөлімінің басшысы Жәнібек Зейнелов өз баяндамасында мұрағаттағы Кеңес Аухадиевтің құжаттарына тоқталып, олардың ел тарихы үшін маңыздылығын сөз етті. Ал, мемлекетіміздің қалыптасуы мен өркендеуіне бір адамдай еңбек сіңірген танымал тұлғалар Шәңкерей Жәнібеков, Бижамал Рамазанова, Жібек Әмірханова, Никара Абаева, Әсем Бесбаева, Ким Серікбаев Кеңес Мұстаханұлымен бірге еңбек еткен жемісті жылдар жайлы әңгімелеп, ол кісінің адамгершілік, азаматтық тұлғасы, жан-жақты білімділігі, еңбекқорлығы мен зиялылығы, қиналғанға көмек беруге дайын тұратын жан жылуы турасында жүрекжарды ойларын ортаға салған. Оның отбасындағы жарасымдылық, балаларына берген тәрбие-тәлімі де сөз болмай қалған жоқ. Ал замандас-әріптесі, Социалистік Еңбек Ері Вера Васильевна Сидорованың Кеңес Мұстаханұлымен өмірбаяны ұқсас екенін тілге тиек ете келіп: «Соғыстан кейінгі ауыртпалықтың бәрін тарта жүріп, қарапайым ғана отбасынан шыққан бізді осындай биіктерге жетелеген – ұлы мәртебелі еңбек!» – деді.
Кеште сөз алғандардың баршасы жасы сексеннің сеңгіріне шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әр салаға меценаттық көмек көрсетіп келе жатқан Кеңес Мұстаханұлына денсаулық пен ұзақ та мағыналы ғұмыр тіледі.
 
Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы