ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 3151
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ руханияты тағы бір тарихи кітаппен толықты. Ақындар мен батырлар елі атанған тарихы терең, өмірі өлең, халқы кемел, даласы кенен киелі бұрынғы Қастек ауданының 90 жыл, оның Жамбыл ауданы болып аталғанына 80 жыл толуына орай облыс және Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен «Ағала ордам қонған жұрт» атты кітап қалың оқырманға жол тартты. 

Жинақтың жалпы редакциясын Жамбыл аудандық “Атамекен” газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев  басқарды.
Елбасы «Өткеннің өнегесі – бүгіннің баға жетпес байлығы», – дейді. Иә, тасын түртсең тарихы сөйлейтін Ұлы Даланың әр қиырындағы тұнып тұрған мағыналы шежірені, бабалар салған даңғыл жолды, тарихымыздың жауһар жәдігерлерін біліп, өскелең ұрпаққа насихаттау бүгінгі күннің талабы. Осыған орай болашақ ұрпақ өз жерінің тарихын, елім деген ерлерінің еңбектері мен бүгінгі күнмен сабақтастырған танымдық дүниелерін жаттап өссін деген ниетпен жарық көрген жинақтың іші ғибратқа толы. Кейінгі жас ұрпаққа берер тағылымы бар бұл еңбектен киелі топырақта дүниеге келген би, шешен, батыр, ақын бабалары жайлы толғаныстар, бүгінде еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тұлғалар мен танымал азаматтардың өмірбаяны жайлы танымдық дерегі мол мәлімет аласыз. Қаймана қазағымды ойдым-ойдым ойларымен сусындатқан, шежіресі сан тарау кітап «Сергек қызметтегі сексен мекеме», «Ауданның алпыс ауылы», «Фотосуреттер галереясы» атты үш бөлімнен тұрады. Қай-қайсысына тоқталса да ел мен жердің тарихын, ұлттық құндылықтарымызды кетірмеуді ойлаған жанашыр ел азаматтарын тануға жол ашады.
Кітаптың әлқиссасысында зейін қойып оқыған жанның зердесіне сана болып қағылар маржан сөздер мен даналардың парасатты ойлары, Аңырақай шайқасы, кешегі батырлар ерлігі,  аудан тарихы қысқаша жазылса, алғашқы бөлімде аудандағы мекемелер мен әр мамандықтың қыр-сырын меңгерген білікті басшылар жайлы кеңінен тарқатады. Ал екінші бөлімде аудандағы алпыс ауылдың шежірелі тарихын тереңнен тартқан. Мұнда ауылдың тарихына анықтама беріп қоймай, бүгінгі қоғам тынысын Ұлы Даланың рухани байлығымен халықты қайта қауыштырып, қоғамдық санада ұлы мұрамызды жаңғыртады. Өңірдің сол кездегі шаруашылығын  басқарған басшылар мен ақсақалдар алқасы болған көнекөз қарияларымыздың жақсы қырлары көркем ой, өрнекті тілмен ашып көрсетіп, дарқан даланың әсем жерлерін суреттеп, кейінгі ұрпаққа өнеге беретіндей жазылған. 
Жамбыл ауданы ақындар мен батырлардың өлкесі деп текке айтылмаған. Киелі өлкеден Қарасай Алтынайұлындай ел бастаған көсемдер, Сарыбай Айдосұлындай шежіре кеуде шешендер, Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиевтей композиторлар, Талғат Мұсабаевтай ұшқыш, Есенқұл Жақыпбеков сынды ақындар  шыққан. Үшінші бөлімде осындай елім-жерім деген, 90 жылда ауданды өркендетуге үлес қосқан жандардың суреттері жинақталған. Сондай-ақ, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқандардың қатарында әріптесіміз, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, жауапты хатшы Гауһар Дүйсенбаева, бөлім меңгерушісі Алма Есенбаева, меншікті тілші Серік Сатыбалдиев сынды аға-әпкелеріміз бар. 
Тарихтан сыр шертетін жинақты шығаруға аудандық «Атамекен» газетінің қызметкерлері Бақтияр Айталы, Назгүл Сәлімбаева, аудандық Т. Рысқұлов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Байкенже Ергедыров, информатика пәні мұғалімі Мұхтар Тұрғынбаев, Абай атындағы гимназия мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құралай Тышқанова, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шырын Мұсағожанова, Ұзынағаш орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Шәміл Шияпов атсалысқанын да айта кеткеніміз жөн.
Ұлттың ұлылығын сезіну үшін әуелі оның тариxына бойлауымыз керек. Ал дерегі мол, айрықша бедерлі, сыр сандығында жатқан маңызды мәліметтерді жіпке тізгендей ғып көрсеткен бұл жинақтан тарих қойнауында қордаланып жатқан деректерді аласыз. «Ағала ордам қонған жұрт» осы өлкені танып білетін құнды дүние. Кітап тек ауданның ғана емес, сонау ықылым заманнан бері көптеген тарихшылар мен жазушылар жинаған ел шежіресі. Сондықтан аталмыш жинақ болашақ ұрпақтың рухын кемелдендіріп, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, бойына мәңгілік рухани азық боларына бек сенемін. Олай болса Ұлы Даламыздың дара тұлғаларын, дана кемеңгерлерін түгендеп, ұлттық қасиеттерімізді қастерлейік.

Айдар ҚАЛИЕВ