БАҺАДҮРЛЕР БЕЙНЕСІ СОМДАЛДЫ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1292
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер бетінде көшпенді екі елдің қатар ғұмыр кешуі, қойны құт ұлан-ғайыр даланы тел жайлауы мүмкін емес, ол бір апанда жолбарыс пен арыстанның қатар тыныстауы көзге елестемейтіндей жайт. Сондықтан да айбарлы қос хандықтың бір-біріне деген дұшпандығы ғасырдан-ғасырға жалғасты. Жоңғария мемлекетінің ұлы жорықтары тым ұзаққа созылды. Алайда, намысы алдаспандай Алаш жұртының жоңғарларға қарсы соғысының бәрі жеңіспен аяқталып отырды. Ең алғашқы ұлы Орбұлақ шайқасының өзі қазақ халқының батырлығының, жаужүректігінің, өр рухының көрінісіндей тарихқа бедерленді. 

Биыл саф болмысымыздағы ұлы батырлықты айғақтаған Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы. Осыған орай жыл басында   Б. Римова атындағы драма театрында өткен «Ел тарихы – жер тарихы» атты республикалық байқауда бас жүлдені иеленген жас драматург Қолғанат Мұраттың «Орбұлақ» тарихи драмасы көрерменге жол тартты.
Б. Римова атындағы облыстық драма театрында сахналанған «Орбұлақ» премьерасын көруге жиналған жетісулық өнерсүйер қауымның қарасы қалың. Саф өнердің сарайында ине шаншар орын болмады. Тиісінше, театр қоржынына қосылған тың туынды да жоғары деңгейде сахналанды. Әсіресе, көшпенді қос елдің қолбасшылары Салқам Жәңгір мен Батур қонтайшы рөлі асқан шеберлікпен орындалып, айбарлы қос батырдың образы айшықты көрініс тапты.
Иә, «Елім-айлап» егілген нәзікжандылардың биімен, түйсікті түрткілейтін түйінді монологтарымен басталған қойылымда Орбұлақ шайқасының өтуі, жорық басы, еңіреген елдің зарлы көрінісі, Батур қонтайшының қазақтың беймарал жатқан ауылын шауып, ұлының денесін қапқа салып қансыздықпен өз анасына арқалатып қойғаны, тұлымдысын тұл, бұрымдысын құл етуге әрекеттенгені, қазақ әскерінің сондай зор-зобалаңда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, салалы саусақтай өз алдына күн кешіп жүріп жұдырықтай жұмыла жауға атой салғаны, бәрі-бәрі бір спектакльде мейлінше оң көрініс тапты. Тіпті ұлы шайқастың мәні мен мазмұны қойылым барысында тұтастай ашылып, Орбұлақ шайқасының алты Алаштың айбары екені көрерменге ұғынықты болды.
Қапияда қолға түскен Жәңгір сұлтан Батур қонтайшыға екі елдің атадан балаға жалғасқан қанды кегіне тоқтау болуымыз керектігін ескертеді. Алайда Цинь империясымен астыртын ымыраласқан Жоңғария хандығының қолбасшысы екі көшпенді халықтың бірі ғана мемлекет болып күн кеше алатынын айтып, ұлы жорықты бастап кетеді. Жау еліндегі жансыздары мен тосыннан келген сарбаздары арқасында тұтқыннан босаған Жәңгір әкесі Есім ханның ұлы жолына сай ерлік көрсетіп, жаудың 50 мың қолын Жетісудан ішке енгізбеудің қамына кіріседі. Сөйтіп, Суан Елтінді, Шапырашты Қарасай, Арғын Ағыбай сынды хас батырлардан 600 сарбаз дайындап, Жаркент жерінің күнбатысындағы Ордың бұлағы аталған өзені мен шатқалы, құлама құзы бар жерде бекініс құрып, аран әдісі мен текенің сасық жүні, ұлы жебелер арқылы жау қолын тойтаруға бекінеді. Самарқаннан желдей есіп, жүйріктей желіп 20 мың қолмен Жалаңтөс баһадүр келгенше аял етіп, аят қылып, ерлікпен жау қолын жапырады да! Міне, осындай тарихи деректермен сахналанған өр рухымыздың айбары болған «Орбұлақ» шайқасы жайлы қойылым, жетісулық көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырғандай күйге бөледі. 
Жау жапырған батырларымыз бен Салқам Жәңгір рөлі, әке-шешеден жастай айырылып Батур қонтайшының қамалында құлдықта жүрсе де еркін күн кешкен Баян арудың образдары айшықты ашылды. Музыкалық сүйемелдеу, сахналық безендірілу, көне дәуір киімі мен қару-жарағы, бәрі-бәрі Б. Римова атындағы драма театрының актерлерінің қойылымды жоғары деңгейде сахналауымен қабысып, көпшілікті ұлы соғысты көз алдына алып келуге еріксіз жетелегендей болды. Түйіндей айтқанда, жетісулық өнер шаңырағындағы «Орбұлақ» премьерасы жоғары деңгейде саханалып, актерлер зиялы қауым мен театр көрермендерінің ыстық ықыласына ие болды.
Бабалардың өр рухын, 50 мың жауға 600-ақ сарбазбен қарсы шыққан адам нанғысыз ерлігін шынайы сездірген премьера алдағы уақытта да саф өнер сарайында сахналанатынын айта кеткен жөн. Тарам-тарам тарихтың сырына қанғыларыңыз келсе, ғажайып қойылымнан қапы қалмаңыздар дегіміз келеді...

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ