ӨЛЕҢНІҢ ӨЗ ПЕРЗЕНТІ

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 1660
Бөлім: РУХАНИЯТ

Таңғы шықтың тағдыры келте. Ол жер бетіне нұр болып түсіп, аз аялдап барып көзден жоғалады. Көзден кетсе де көңіл төрінде қалады. Өйткені мөлдір ғой. Адам баласының тағдыры да таңғы шықтай көрінгенімен алты Алаш ардақтысын алақанға салып аялай білген. Абай айтпақшы: «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген парасатты пайымға сай тірлік кешіп, ел алдында жарқырап жүріп өз болмысын алтынмен аптап, тұғырын асқардан сайлап барып тіршілік тиянақтаған асыл перзенттердің бірі Әмірхан Балқыбектің «Тақыр жерге соқыр жаңбыр жауады» деген ғажайып жыр жолдары бар. Ақиқат қой. Тақыр жерге жауған соқыр жаңбырдан не қайыр? Оның пайдасы бар ма? Әрине, жоқ. Оған қарағанда апта бойы аптаптың аптығын басып, құйқалы өңірдің өрісін көктетер ақ жауынның қасиеті бөлек.

Біз де осы орайда ақ жауындай нәрлі, дауалы да шипалы жандарды санамалап, олардың публицистикалық һәм әдеби портретін қадари халіміздің келгенінше сөзбен жасап жүргенімізге бір жасап қалатынымызды көңіл түпкірінде жасырып қала алмаймыз. Сондай текті азаматтар санатында дәп бүгін сөз ететін жан – ақындығымен Алашына танылған, журналистика атты айдында жемісті желкен көтерген Рәтбек Сағид-Уаһас.
Рәтбек Сағид-Уаһас (Терлікбаев) 1958 жылдың желі азынаған, саршұнақ аязы тәнді қарыған 30-желтоқсанда от жүрегін тулатып өмірге келген. Кір жуып, кіндік кескен жері – әр бұтасына жыр ұялап, әр сайынан саз қалықтаған, ақындар мен батырлардың құтты мекені болған Жамбыл ауданы. 
Иә, жыр сүлейі Сүйінбай мен ақпа жырдың алыбы атанған Жамбыл туған қасиетті топырақтан түлеген Рәтбек Терлікбаев ақындығымен де, журналистігімен де мұқым елге өз атын мәшһүр еткен талантты перзенттердің бірегейі. Әрине, әдебиеттен атын алыс шалдырған, өзге саланың кәсібін шыр айналдырып, содан нәсібін тауып жүргендер бұл ныспыға тегісімен қанық деп айта алмаймыз. Алайда қасиетті қаламнан түлеген үшбу ой, көктемнің көкөзек шағында сай-саладан сарқырап аққан ағынды судай селдете қаптаған жырды жадына тұтып, руханият кеңістігінен рухымды бекем етемін деп жүрген азаматтар үшін бұл есім таңсық емес. 
Рәтбек туған жердің қасиетті топырағаның жұпарын жұтып, саф ауасымен жан сарайын нұрландырып, қаршадайынан поэзия аламанында ат ойнатты. Арғымаққа ер салып, құранды ерге зер салып, поэзия жазирасында күлігінің қамау терін бір, бір емес-ау мың шығаруының да негізі бар. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, Рәтбек ақынның жастайынан зейіні зеңгірмен таласып кетпесе де қатарластарынан зерек болып өскеніне асқар таудай әкесі себепші болса керек. Ақын жайлы жазылған бір жазбадан соны айқын аңғардық. Сол жазбаға үңілетін болсақ, Рәтбек төрт жасында қазақ әліпбиін жаттап, әріп атаулыны тануды тиянақтапты. Бұған ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде мұғалімдік қастерлі қызмет атқарған, Ұлы Отан соғысының шарпуы зұлмат от-жалынынан дін аман елге қайта оралған әкесі Сәдуақас алтын арқау болған. Сұрапыл соғыстың жан түршігерлік ауыртпалығын қамыт қып киіп, батпанын бел қайыстыра арқалаған Сәдуақас батыр бауыр еті баласы Рәтбектің тең құрбысының алдында жарқырап жүруін, болашаққа бекем бел буған саналы азамат болып өсуін қалаған-ды. Содан кейін де жас талантқа тілі шыққан сәттен бастап түрлі түсті суреттері бар кітапшалар сатып алып беріп, қабілетінің ерте дамуына ықпал еткен.
Ал жасы үшке келгенінде ұлына ерінбей, жалықпай әрбір әріпті шегелеп үйретіпті. Бүкіл әріпті танып, оларды мөлдіретіп қағаз бетіне түсіре алатын баланы ауыл мектебінің мұғалімдері бірден 2-сыныпқа қабылдаған. Сол бір зеректігінің нәтижесінде «Батырлар жыры» мен «Қазақ ертегілерінің» екі томдығын мектепте оқып жүргенде толық жаттап алады. Осылайша білімнің алғашқы сатысын бесіктен бел жаза берген шағында аттаған ақын бала жастан тұмса табиғаттың сырына сана жетелете бастайды. Табиғатқа деген сүйіспеншілігі оның бойындағы табиғи талантын ұштай түседі. Сөйтіп, шығармашылыққа деген іңкәр сезімнің сүрлеуіне біржолата ойысқан  Рәтбек Терлікбаев ізденіс пен табандылықтың арқасында бірнеше жылды артқа тастап барып поэзия арғымағын біржола ерттеп мінген. Бұған оның көп оқығаны мен өмірден тоқығаны оң әсер еткен-ді.
Бүгінгі таңда бірнеше жалынды жыр жинақтарын оқырманға ұсынып үлгерген арда болмысты ақын қазақ поэзиясында өзіне тән қолтаңба қалыптастырды десек артық айтқандық емес. Сонау балғын шағында:
Бірге ағамын, самалмен бірге есемін,
О, туған жер, өзіңмен тілдесемін.
Махаббатым болмаса саған деген, 
Айтшы, қалай онда мен күн кешемін? – деп жыр жазса, бүгінде сол мөлдір жазбалары арқылы ел құрметіне бөленіп келеді.
Жалпы, Рәтбек Терлікбаевты бұрындары басылым беттерінде жарияланған жыр шумақтары арқылы танитынымыз болмаса, аса жақсы біле бермейтінбіз. Бірақ, «Барлық ақын баласы бір ананың, ақын келсе өмірге қуанамын», – деп Мұқағали ақын жырламақшы, бір ақынның кітабы қолға түсіп, оны түгесіп, саф алтындай сұлу сөздерін сарқа сімірген соң таныс емеспін деу қисынсыз. Өйткені ақын таным көкжиегіне жырлары арқылы бойлап, ішкі түйсігінде жатқан құндылықтарды, жан толқынысынан шыққан алау күй, болашаққа деген сенім мен наным, үмітті жазбалары арқылы түйсінген соң ол ақынды күнделікті көріп жүрген жандардан артық білмесең, кем танымайсың. 
...Рәтбек ақын бірде ғасыр ғұмыр жасаған қасиетті «Жетісу» газетінің редакциясына ат басын бұрды. Ол кезде аға есімін білсек те жүзін көрмеген кезіміз. Бұрыннан бері газетте жұмыс жасап келе жатқан алдыңғы толқын бір ағадан «Бұл кісі кім?» деп сұрағанымыз бар. Ол болса: ««Жетісуда» істеген қара сөздің қарагері, жазған мақаласының өзінен күй шалқып, ән әуелеп, саз төгіліп тұратын Рәтбек деген ағаң болады», – деп таныстырды. Сөйтіп ныспымызды айтып, ақжарыла әңгімелесіп кетпесек те аға жанында аз-кем аялдағанымыз бар. Сонда болмысынан қарапайымдылықтың иісі аңқыған ақыннан шығармашылығы жайлы сұрағанда: «Өлеңді өлтірмейік деп... жүрміз сол», – деп жұмсақ жауап қатқаны әлі есімізде. 
Иә, мамыражай отырыс майда күлкімен сабақтасып, рухани әңгімелермен біршама уақытқа созылды. Алайда іштей «ақын бола тұра «өлеңді өлтірмейік» дегені несі? Сонда талант тасқынының қуаты кеміп, тұяғы шекілген жарау аттай аламанда демігіп, өлеңнен өз еншісін ала алмаған жан болғаны ма?» деп түйгенбіз. Бірақ, бертін келе ақынның «Сүмбіле – сұлу жұлдызым» атты жыр жинағын толықтай оқып, жүрекке орнаған өлеңдерін санаға тұтқалы бері сол аңғалдықпен пайымдаған пікірден ұялатын болдық. Сөйтсек, ақынымыз «бәлен дүние жазып, түгенін тамамдадым» деген көпірме пікірден жаны таза, нағыз қарапайым болмысты жан екен-ау. 
Жаным күйіп, 
Жаратылыс тоздырып,
Күндерімді жатырмын тек оздырып.
Ертең, ертең, ертең, ертең дейтұғын –
Баянсыз бір болашақты созды үміт.
Төріне бір шықпағасын төскейдің,
Болашақты мен бәрібір шешпеймін.
Көрпе көктеп отырған сол шешемдей,
Жетер ме деп сөзімді үнсіз көктеймін, – деп өзі жырлағандай, ақын үнсіз көктеген жыр шумақтарын жарқырата насихаттаудан аулақ. Қарапайымдылықтың шекпенін пішіп, адамгершіліктің астауынан ауызданған ол өлең құдіретін түсінер халқы барда ақынмын деп астамсудан шеткері тірлік кешіп жүр. 
Рас, ақын болып туған соң көксеңгір көкке ұмтыласың. Жырларыңды ел тегіс жаттап алатындай дестелегің келеді. Алайда талант тақсырдың қуатына қарай өлең кестелейсің. Қадари халіңнің келгенінше ұлы шығармашылық жазирасында ат ойнатасың. Жыр-тұлпарыңның шабысы, сұлу болмысы, тәует басы, сөзбен құйылған әбзелдері біреуге ұнар, біреуді елең еткізбес. Мұндайда Мұзафар Әлімбаевтің «Ақын атаулының бәрі де шетінен классик болуы, таудай талант болуы мүмкін емес, бірақ ішінен үлкен, ірі болуға ұмтылмайтын ақын табыла қоймас» деген пікірін алға тартқың келеді. Міне, осы пайымнан-ақ ақын жаратылысының асқақ келетінін ұғына беруге болады. Рәтбек Терлікбаев та биікке құлаш сермеген, поэзия көгінде қанат қағуға талпынған талантты перзент. Осы орайда ақын өзі көксеген биіктен бой көрсете алды ма деген сауал туындауы заңдылық. Оған «иә» деген жалқы жауап қатуға негіз бар (!). Жырлары таудың бұлағындай сылдырлаған сазға толы, ұйқасы мен сөз саптасы, ой-пайымы сол бұлақтай мөлдір келіп, кітабына бас қойған адамның рухани шөлін қандырып жатса, неліктен олай демеске?! 
Ал енді, ұйқы қашты, ұйқы қашты,
Санамда сабыр, ашу жұлқыласты.
Кенеттен...
Зындан ойым кілтін ашты.
Заңғар көктен әп сәтте қона қалды,
Бір бақыт кеп қас үсті, кірпік асты, – деген жыр жолдары көңіл көкжиегіңнің сарайын зеңгірмен астастырады. Өлең деген дәл осындай көркем деңгейде өріліп, адам жанының ішкі қатпарында бұғынып жатқан алау күйді айшықтаса ғана өлең болмақ! Бұл жыр жолдары қарапайым қара өлең үлгісінде жазылғанымен сабыр мен ашу жұлқыласқан шақтағы ұйқының қашқанын, әз басыңа «қас үсті, кірпік асты» қонған бақыттың масаттандырып, дөңбекшіткенін жария еткен, жан толқынысынан тамып түскен мөлдір тамшы – өлең болса керек. 
Рас, кәсіби сыншылық көзқараспен қарасаң «қас үсті, кірпік асты» эпитет-теңеу қисынға келе бермейтіндей. Неге ақын қас үсті мен кірпік астына бақ қондырады? Адам қасының үсті – жарық маңдай, кірпік асты – нұрлы жанар емес пе?  Ендеше «бақ құсын жанар көріп, маңдай өбіп» деп бедерлегені дұрыс емес пе? деген сарында пікір айтуға да болар еді. Алайда қазақ кенеттен болған жақсылықтарды «қас қағым сәт», «қас қаққанша» деген теңеулермен көркемдеп жеткізеді емес пе? Олай болса қағылмайтын қасқа осындай түсінік берген мұқым елді қателестіге шығаратынымыз сөзсіз. Бірақ әдеби көркемдік кеңістігіне көксеңгір көңілді бойлатсақ, мұнда ешқандай да шикілік жоқ. Сол себепті қара сөздің қаймағын қалқыған Рәтбек ақын бұл жерде мүдіріп қалмайды.
Иә, жорғаның желісіндей, аққудың қанат қағысындай сұлу да бекзат өнер – поэзия! Ал поэзия пырағына ер салған жанның бәрі ұғынықты ұғымдардан гөрі сананы селт еткізер тіркестерге иек артады. Бұл тұрғыда жыр өлкесіне түрен салған талант иесінің де шығармашылығы кенен ойлар мен көркем баламаларға толы. Олай болмай қайтсін:
Қашайтын қажап миымды,
Ақындық дерті қиын-ды.
Тәңірден шығар, қайтейін,
Осындай тағдыр бұйырды, – деп өзі жырлағандай, «сыздаған барлық жараның» аузында болатын ақындық жолды таңдап, толайым тағдырлар көрінісіне сана жетелетіп, ел мұңын, жер мұңын, қоғам мәселелерін жүрегіне салып таразыласа, толғамалы ақ найзасын сертке ұстаған батырдай өміршең өлеңі үшін жүз күрсініп, жүз қуанса, әрине, шығармашылығы ғажайып тіркесті сөздермен өріледі емес пе?! Рәтбек Сағид-Уаһас та кешегі Мұқағали мен Жұмекен, Жұматай мен Кеңшілік, Тұманбай мен Қадыр, Сәкен мен Еркін, Есенқұлдардай жыр маржанын ой тұңғиығынан тұндыра тартып, жырларына тізбектей білді, әлі тізбектеп жазып келеді. Оны қадау-қадау қабырғалы шығармаларынан айқын аңғаруға толықтай негіз бар.
Рәтбек Сағид-Уаһас шығармашылығының негізі адам жанының ішкі тебіренісінен туған лирикалық сарында болып келгенімен, жырларының басым көпшілігі ел мен жерге, Отанға деген іңкәр сезімнің тасқынымен ұштасқанымен, жадау көңілге от берер рухты ойлар менмұндалағанымен, неліктен екен, ақын өлеңдерінде «жалғыздық» деген түсінік төңірегіндегі топшыланған ойлар да жетерлік. Тіпті, бірқатар өлеңінде ақын «жалғызбын» деп жабығатындай. 
Армандарымды астасқан аңсар, мұңменен, 
Ақтарып айтып, жазсам-ау деген күнде өлең.
Жайымды мына жападан жалғыз жабыққан,
Шерімді шемен шертемін барып кімге мен? – деген жыр жолдары ақын тебіренісінен туындаған шынайы сезім ұшқындары. Алайда, қай тақырыпты қаузаса да Рәтбек ақын жалғыздық ұғымынан «жалтарып» кете алмағандай көрінеді. Бұл, әрине, кемшілік емес. Керісінше, күллі шығармашылық жолында бір қаламгердің ерекше толғаған өміршең тақырыбы бар дейтін пайымға иланатын болсақ, Рәтбек Сағид-Уаһас шығармашылығында жалғыздық күйі ерекше бейнелі түрде толғанғанын айрықша атап өтер едік. Бұл да болса көлеңкеге шұғыла түскендей – қаузалмаған тақырыптың жырға айналғаны. Бұл ерекше қуанар жайт.
Бір өлеңнен биік сенің өз бағаң,
Сен ғазалсың ешбір ақын жазбаған.
Көзіңдегі тұңғиықтай тереңсің,
«Мың бір түннен» шыға келген Шаһ-задам! – деп махаббат тақырыбын қазақ ақындарының қай-қайсысынан кем толғамаған Рәтбек шығармашылығынан туған барлық өлең мөлдір бұлақтай жанарды арбайды. Көңіл қытықтайды. Ал нәрлілігі біз о баста айтып өткен ақжауындай десек артық айтқандық емес!
Қазақтың қайталанбас талантты ақындарының бірі Қалижан Бекхожиннің «Ақын туралы аңыз» деген хикаясы бар. Сол туындының басты кейіпкері – ақын Ғафиз: «Түрік қызының бір меңі үшін Ақсақ Темірдің екі бірдей астанасын айырбастап-ақ жіберер едім» деп жыр жазған екен. Бұл өлеңді құлағы шалған Темір қатты қаһарланып, ақынды таптырып алып тергегенде, өлеңді өмірінен кем көрмеген Ғафиз бір-ақ ауыз сөзбен ханды тоқтатып, құтылып кеткен екен. Міне, осыдан барып кез келген ірі шығарманың болмысы, айтары қоғамдық сана және сол заман көрінісімен астасып жатуы керек деген байлам жасадық. 
Рәтбек ақынның әрбір туындысы өз өмірінен тарқатылған алтын жіп іспетті. Оларды ақын болмысынан, түсінік-пайымынан, тағдырынан ажыратып талдай алмаймыз. Ал ақиқатына келсек, алпыстың асуынан тұғыр сайлап, көпшілік «тал түс» деп кеткен белесті бағындырған ақын шығармасын бір толғаныспен толықтай талдап шығу мүмкін де емес.
Ендеше, шабытты шағында салалы саусағына қасиетті қалам қапсырып:
Мұнар да мұнар, мұнардан,
Мұнарда талай сыналған.
Мұратын Тәңірі құп алған.
Темірден қару сайланып,
Тектіден ғана құралған.
Бөрілі байрақ ту алған,
Бөрілі байрақ ту алса
Дұшпанның жүзі қуарған.
Бөрідей жортып далада,
Тұнықтан атын суарған.
Жағылып жарық шырағдан,
Жетелеп алға ұлы арман,
Жарқылдап көкте жасындай
Алаштың атын шығарған.
Ашиналардың ұрпағы –
Шапыраштының бір талы,
Сағид-Уаһастың іңкәрі,
Рәтбегіңіз – мен болам! – деп өз тегі мен түбін жырмен таныстырып, атын ұран еткен Райымбек батырдай тепсіне жыр жазған ақын жайлы, оның тұтас шығармашылығы тұрғысында толғана беруге болады. Алайда, асылының қасиетін дәріптейтін елдің ділмарлығына бассақ, айтылар ойдың ұшығына жетуіміз екіталай дүние екені де белгілі. Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист, қазақ поэзиясында өзіндік үні бар, өлеңнің өз перзенті Рәтбек Сәдуақасұлы елінің асыл перзенті болып қала беретіндігін ғана айтқымыз келеді. Асқаралы алпыс жастың асуына табан тіреген текті перзенттің жыр ошағында бұрқ-сарқ қайнаған қорғасындай ойлар поэзия қалыбына құйылып, жырсүйер мұқым елдің мерейін тасыта беретіндігіне де шек келтірмейміз.
 
Шабыттың шалқар биігінде
 
Бүгінде 60 дейтін биіктің асқарына шығып отырған Рәтбек туралы ойлап кетсем, неге екені белгісіз, оның жиырма жастағы жалын шағы көз алдыма келеді. Орда бұзар отызы мен қылшылдаған  қырық жасы, еңселі елуі тіпті өзіме де беймәлім  себептермен екінші қатарға шығып қалатындай. Бәлкім, бұл дәл сол жаста тым жақын араласып, жанымыздың соншалықты  жарасым тауып кеткендігінен де болар, кім білген?
 
Өткен ғасырдың сексенінші  жылдары екеуміз Жамбыл аудандық “Екпінді еңбек” газетінің  редакциясында кездестік. Рәтбек ол кезде  аудандық газетте корректор қызметін атқарады екен, менің өлең арқалап қойлы ауылдан келген кезім.  
Екеумізді Есенқұл ақын – Есағам таныстырған сәтте  “Өзімді-өзім түсінбей жүрген шақтарда, ұмытты мені, хат жазбай кетті демеші” деген өлеңді жазған Рәтбек  сен екенсің ғой”, – деп тақ ете қалғам. Бұл жолдармен Рәтбектің сыныптасы, өзімнің әскерде бірге болған жолдасым Абыл арқылы таныс болатынмын. Сол күннен, анығын айтсам, сол сәттен бастап екеуміздің арамызда  достықтың оңайлықпен үзіле қоймайтындай бір алтын арқауы тартылған еді.
Ол кезде редакцияда күнде думан. Аудандық  газет жұмысының соншалықты қауырт екендігіне қарамастан күн сайын дерлік өзіндік бір поэзия кештері, күндері, сағаттары өткізіліп тұрады. Оған көп себеп те керек емес, біреуіміз бір жақсы өлең жаза қалсақ, Есағаңның айналасына үйірілген ақын  қыздар мен жігіттердің  бірі тәуір өлең әкеле қалса  жеткілікті, шын мәніндегі думан басталып жүре береді. Кейде мұндай думанның бірнеше күнге жалғасып кететін де кездері болады... Ондайда Мұқағали мен Тұманбайдың, Төлегеннің, Есенқұлдың жан тербетер өлеңдерін сыпыра оқып шығамыз.  Арасында “оқырман сұранысымен” өз өлеңдеріміз де оқылады. Мұндайда  бұрынғы-соңғы ақындардың өлеңдерін нақышына келтіріп, мазмұнына қарай құлпыртып, тебірене оқитын Рәтбекке кезек көбірек тиеді. «Ана өлеңді оқышы, мына өлеңді оқышы» дегендей, өтініштер де көбіне соған қарата айтылады. Шалқып тұрған көңіліміз:
Кім түсінер жабырқаған күйімді,
Кім жаза алар көңілдегі түйінді?
Анам жаққан ошақ орнын шөп басқан,
Туған үйдің орнында тек үйінді, –
дегендей жолдар оқылғанда ғана күрт басыла қалады. Ондай сәттерде жаны аяулы жолдасымыздың, сырлас досымыздың жүрегі ауырып кетті-ау деп жаутаңдап қаламыз. Бір сәттік қолайсыз тыныштықты Рәтбектің өзі бұзып, жыр арнасын жайнаңдаған жастықтың ауылына қайта бұрады. Соңы ойын-сауыққа ұласатын жыр кеші осылайша жалғасып жүре береді. 
Сол кездері Есағамның ақындығын қалай мойындасақ, Рәтбектің алдынан да жарқын болашақтың ашылып тұрғандығына солай сенетінбіз. Шындап қолға алса қандай да болсын лауазымды қызметке, үлкен мансапқа қол жеткізетініне, болашақта есімі елге әйгілі ақын, әйдік журналист болатындығына ешкім шек келтірмейтін. Менің жеке өзім одан болашақта мықты әдебиет сыншысы шығады деп ойлайтынмын. Алға озып кетіп айтатын болсақ, сол кездегі жалын жастан бүгінде мықты ақын, қарымды қаламгер шықты. Бірақ ол барлық мүмкіндіктері бола тұрып, неге екені белгісіз, әдеби сын жанрына бой ұрмады. Мықты ақын бола тұрып әлі күнге дейін республикалық деңгейдегі басылымдарға көптеп жариялануға, өзін қалың оқырманға жақын танытуға көп талпына қоймайды. Бұдан да оның қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі, шығармашылығына берілетін нақты бағаны көп ретте ертеңгі күннен күтетін ақындық мінезі айқын байқалады. 
Поэзияның, жалпы әдебиеттің жылт еткен жаңалығын қалт жібермейтін Рәтбектің қоғамдағы саяси үдерістерге сол кездің өзінде баға бере алатындай сұңғылалығы да бар еді. Бірде 7 қараша мерекесіне орай редакция журналистері шағын отырыс жасадық. Дастарқан қайысып тұрмаса да неше түрлі сусыны мен тіскебасары мол. “Ұлы Октябрь революциясы жасасын!” деп әзіл-шыны аралас тост көтеріліп жатыр.  Дуылдап отырып Рәтбектің қалай сыртқа шығып кеткенін байқамай да қалыппыз. Бір уақытта сусынның әлденеше түрі мен тіскебасар дәм, одан басқа да неше түрлі тәтті, дәмдісі бар дәу қорапты құшақтап кіріп келе жатқан Рәтбекті бір-ақ көрдік.  
“Мұның бәрін қайтеді, дәм жеткілікті ғой” дегендей аңтарылып отырмыз.  Рәтбек сасар емес. Өзіне тән маңғаз қалпынан айнымай: “Октябрь төңкерісіне несіне қуанамын? Осы қазір Октябрьдің кесірінен айдалып кеткен атамның асын беремін”, – дегені.
Аңтарылғанның көкесі енді болсын!.. Кеңес өкіметінің ысқырығы жер жарып, қазақша айтқанда  қылышынан қан тамып тұрған кезі. Мынандай сөз үшін айдалып кетпесе де аупарткомның органы болып саналатын аудандық газеттен, жалпы қызмет біткеннен аластатылып, ағаш атқа мінгізілетіні анық. Есімізді  жиған соң: “Мына  сөзіңді ешкім естімесін, Рәш. Осы жерде қалсын”, – деп күліп жатырмыз. Абырой болғанда, бұл сөз сол кезде жоғарыда тұрған ешкімнің құлағына шалына қойған жоқ.
Рәтбек содан кейінгі уақытта аудандық газеттің фототілшісі болып тағайындалып, бұл міндетті де абыроймен атқарды. Кейін редакциядағы басқа да шығармашылық, басшылық қызмет сатыларынан өтіп, мол кәсіби тәжірибе жинақтады. Облыстық «Жетісу» газетінде қызмет атқарған жылдары қалың оқырманға қаламы ұшқыр, ойы ұтқыр білікті журналист ретінде танылды. Оның парасат-пайымы мен ізденімпаздығы, ұқыптылығы, небір күрделі тақырыптарды еркін меңгеріп, мазмұнды баяндамаларды әп-сәтте жазып тастайтын шеберлігі мемлекеттік қызмет атқарған кездерінде де абырой биігіне шығарды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рәтбек Терлікбаевтың шығармашылығымен жақсы таныс оқырманның бірі ретінде айтарым – алпыс деген мерейлі жастың асқарына алқынбай көтерілген ақын бүгінде шабыттың нағыз шалқар биігінде. Халқына бергенінен берері көп қаламгерге алар асуларың асқақтап, шығармашылық табыстарың толымды бола берсін деген ақ тілегімізді арнаймыз. 
 
Нүсіпбай Әбдірахым,
Қазақстанның Құрметті журналисі
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ