ТАРИХТАН СЫР ШЕРТКЕН ТАҢБАЛЫ

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 2092
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр халықтың немесе ұлттар мен ұлыстардың өз тарихы мен орны бар. Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын қасиетті жердің бірі – Таңбалы тас десек, сол қасиетті өңірде жинақталған бабалар мұрасын сақтап, зерттеумен, көпшілікке насихаттаумен айналысатын мекеме –  «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейі.

Бұл тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін құнды жәдігер.  Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш сақталған. Солардың бірі «Таңбалы» шатқалындағы археологиялық ескерткіштер.
«Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық музейі аумағында  сақталған ескерткіштер өте көп. Аталған ескерткіштердің 3000-ға жуығын қазіргі таңда «Таңбалы» қорық музейі тізімге алды. Осы ескерткіштердің басым бөлігі қола дәуірінен бастау алатын жартастағы суреттер мен жерлеу орындары, яғни қабірлер болып келеді.
Қорық музей табиғат пен адам қолымен жасалған өнер туындыларын сақтаушы, насихаттаушы және мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып, осы негізде қоғам мүшелеріне тәлім-тәрбие беретін мәдени-рухани орталық болып табылады.
 Ашық аспан астындағы қорық музей ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында  жыл сайын бақылау-барлау жұмыстарын жүргізе отырып, жаңадан табылған археологиялық мұраларды есепке алып, бүлінуден қорғау мақсатында іс-шаралар атқарып келеді. Тізімдегі әрбір ескерткіш орналасқан аумағына қарай сол жердің өткен тарихынан хабардар ететін ұлт байлығының рухани қазынасы екені баршамызға мәлім. 
Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі болып отыр. Көптеген тарихи-мәдени мұралар жеке тұлғалардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда оларға жойылып кету қаупі төніп отырады. Осы орайда жергілікті халық аталған тарихи-мәдени мұраларымызды бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштердің елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап, мектептерде өтетін тәрбие жұмыстарының бағдарламасына енгізсе, нұр үстіне нұр. Өйткені келешек ұрпақты өз елінің мәдениетіне, өткен тарихына жанашырлықпен қарайтын, ұлтжанды етіп тәрбиелеудің маңызы зор.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, оларды зерттеу мен насихаттау мемлекеттік деңгейдегі шара болып табылады. Қазіргі таңда «Таңбалы» қорық музейінің ұжымы жыл сайынғы археологиялық зерттеулер арқылы Таңбалы аумағынан ғасырлар куәсі болған жартас суреттері мен қорған-қабірлердің, тұрақтардың орнын тауып, зерттеп тізімге алып, қорғау және қалпына келтіру жұмыстарын атқарып келеді.
Ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау көне замандарда да өткір мәселенің бірі болып отырған. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халықтың мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келеді.
Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі. Өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.

Б. Тұрсынов,
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени
және табиғи қорық музейінің ғылыми  зерттеу,
қор сақтау және экскурсиялық көпшілік жұмыстар бөлімінің
аға ғылыми қызметкері