АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ЖЫРЛАҒАН АҚЫНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 991
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұрағы» атты жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылған болатын. Мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау шарасы облыстық оқу-әдістемелік орталығында өтіп, оған жеңімпаздар қатысып, өзге қатысушылар бейнебайланыс арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шараны облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов ашып, Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған мүшәйраға 15-29 жас аралығындағы мұғалімдер қатысқанын атап өтті. Ондағы мақсат – шығармашыл жастарға қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлең құдіреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру екенін жеткізді.

Мүшәйраға 53 жас ұстаз қатысты. Оның 14-і қорытынды кезеңге жолдама алды. Әділқазылар алқасының құрамында Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін, педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Мықтыбек Рахымбек, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Алуа Қабдұлова, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Болат Тұрысбеков болды.

Жас ұрпаққа білім-тәрбие бере жүріп, қаламды жанына серік еткен ұстаздар өлеңдеріндеТәуелсіздігімізді сан қырынан жырлап, азаттыққа жол ашқан Желтоқсан оқиғасының да қатпарын ашуға тырысты. Нәтижесінде Тәуелсіздікті жүректен өткізе өлең құдіретімен өрнектей білген Панфилов ауданы, Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Ұлдана Бегімбекова І орынды иеленді. Көксу ауданы, Еңбекшіқазақ орта мектебінің мұғалімі Рауан Мырзахмет ІІ орынды еншіледі. Сарқан ауданы, Н.Островский атындағы орта мектеп-лицейінің мұғалімі Ілияс Дүйсенхан ІІІ орын тұғырынан көрінді. Жеңімпаздар арнайы диплом және қаржылай сертификатпен марапатталды.

Шараның өзге де қатысушыларына аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары Алғыс хат және ынталандыру сыйлықтарын табыстайтын болады. Шара барысында қоғамдық жұмыста белсенділік танытып жүрген ұстаздар да марапатталды.

Атап айтар болсақ, Қаратал ауданы, Бикен Римова атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Асхат Исабаев пен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Клара Ақашева «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеуделеріне тақса, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті филиалының төрағасы Ерлан Хаймулданов ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасын иеленді. Аталмыш марапаттардың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұстаздарға шалқар шабыт сыйлағаны сөзсіз.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы