МАҒЖАН, ХӘКІМ АБАЙЛАРДАН ІЛИЯСТЫ КЕМ КӨРМЕ! АҚЫН ҚЫЗДЫҢ АРНАУЫ

Уақыты: 01.06.2022
Оқылды: 1533
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Талдықорған қаласына қарасты Көктал шағына ауданында Е.Берліқожанұлы атындағы мектеп бар. Мектептің атын асқақтатып, абыройын көтеріп жүрген дарынды шәкірттері де аз емес. Солардың бірі - Шолпан Жандосқызы. Өте талантты оқушы. Қазақтың қасиетті қара өлеңіне өзіндік үн қосып келе жатқан ақын қызымыздың жетістіктері де көз қуантады. Бүгінгі мерекеде асқан асуларына арнайы тоқталып, оқырманмен таныстыра келе, Құлагер ақын Ілияс атасына арнаған өлеңін ұсынып отырмыз.

Шолпан 2021-2022 оқу жылында Талдықорған қалалық «Ілияс оқуларының» Бас жүлдегері болса, «Мағжан және Қадыр оқуларынан» жүлделі 2-орын, ал «Мұқағали оқыларынан» 3-орын иегері атанды. Өлеңмен ғана айналыспай, жаратылыстану бағытында да зерек оқушы математика пәні бойынша «Дарын» ғылыми-жобасы мен «Алтын түлек» олимпиадасынан 2-орынды қанжығасына байлаған. Облыстық «Ілияс оқуларының» бірінші, «Абай оқуларынан» үшінші орыннан көрінген зерделі Шолпан «Дарын» ғылыми-жобасынан да үшінші орын алса, республикалық «Ілияс оқуларының» екінші орын иегері. Осындай зейінді оқушы Шолпан Қылышханның жыр бұлағының дәмін татыңыздар.

Қара өлеңнің Құлагері

(Ілияс атам)

Қара өлеңі ақыл-ой мен парасаттан құралған,

Шабыттанып күннен жылу, айдан нұрлы жыр алған.

Қазағым деп отқа түсіп, суға батар Ілияс,

От кеудесін оққа тосып, халық үшін тұра алған.

 

Ілиясым, жанашырым, ұланы едің халықтың,

Өнеріңді өзгелерге қара сөзбен таныттың.

Аз ғұмырда айыпталып, құрбаны боп жаланың,

Көре алмадың бар қызығын мына жалған жарықтың.

 

Ардақтадың адамзаттың бойдағы бар киесін,

Өрнектедің кесте сөзбен қара өлеңнің жүйесін.

Тарих сені басқаша етіп танытса да кезінде,

Мен білемін қазағыңды жан-тәніңмен сүйесің.

 

Жетісудың желбіреттің ақ байрағын ғаламға,

Ақиқаттың ұлағатын ұғындырдың адамға.

Ей, замандас, еріп кетпей бұрмаланған тарихқа,

Нұрлы ақылмен сергек қара Ілияс өткен заманға. 

 

Менен сұра өлеңдерін, шын болмысын ақынның,

Жүрегіме дауа болған ол жақыны жақынның.

Оқып берем Ілиястың жанға сая жырларын,

Ұғындырам жоқ екенін жамандауға хақыңның.

 

Мағжан, хәкім Абайлардан Ілиясты кем көрме,

Келмейді олар бірін-бірі салыстырып, теңдеуге.

Тар заманның тауқыметін жырлап өткен ақынның,

Өлеңдерін жүректе ұстар махаббатпен кең кеуде.

Шолпан ҚЫЛЫШХАН

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы