ДӘУІР КӨШІНДЕГІ ДӘСТҮР

Уақыты: 08.01.2023
Оқылды: 1290

ТӨРТ ТҮЛІККЕ ҚАТЫСТЫ АТАУ-ТІРКЕСТЕР
Бүгінгідей құндылықтар ауысып жатқан уақытта қалыпты тіршілігімізден алыстай түскен дәстүрлі ұғымдар, ұстаным мен жоралғы сынды дүниелер де ақырындап ұмыт бола бастады. Тіпті, қазақылықтың құбыласындай болған ауылды жерлерде де бай мәдениетіміз бен мұрамызға алтын айғақ саналар атаулар мен ұғымның біразы ұмытылып, өзгесі жаңғырып, жасанып өзгеше терминге ауысқан. Өркениет өңдіршектеген, жаһандану жармасқан уақытта тұтынатын мүкәмәл-дүние мен бұйымдардың орнын, мыңжылдықтан бүгінге жеткен заттардың атауын жаңа ұғымдар алмастырды. Сол себепті дәстүріміздің сөнуге шақ тұрған қоламтасын үрлеп санада маздатар сәт соққан сыңайлы.

Расында жаһандану лебі ұлы құндылықтарымыздың көбін күресінге ысырып бара жатқан жоқ па деген ой кешесің. Жаз жайлауда, қыс қыстауда қызынып-қыздырмалатып күн кешіп, қырдың қызыл түлкісіндей құлпырған тіршілікте балағынан өрген баласынан тұлға сомдап шыққан кешегілердің даналығының дәлеліндей, ұлылығының ұнтағындай болған дүниенің бәрі қасаң тартты. Көбі шекілген үстіне кетіліп, жадыдан жұмбақ күйде өшіп барады. Мәселен, қаланың баласы тұрмақ қырдың қызыл шырайлы жеткіншегінің өзі төрт түлікке қатысты атауларды жаңылмай санамалап бере ала ма? Жастар түгілі қазіргі таңда қырық пен елу шамасындағы ауыл азаматтарының, ел ағаларының өзі кейбір дүниеден хабарсыз деп нақты айта аламыз.
Дәстүрімізді санада жаңғыртқан тұлғалардың бірі Қасымхан Бегіманов сынды елге белгілі ақын екенін бүгінгілердің бірі білсе, бірі білмейді. Көрнекті ақын осыдан бірнеше жыл бұрын этнография саласында жемісті еңбек етіп, шежіре кеуде ғалымдардан, ақсақалдардан дәстүрді жазып, хатқа түсіріп алған еді. Сол табанды һәм терсіңді еңбегінің нәтижесінде «Этнографпен әңгіме», «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітап жазып, оқырманға ақжолтайлаған. Аталмыш кітаптың бірінде Жағда Бабалықұлымен болған ғажайып сұхбатта қаламгер көп нәрсені айшықтаған. Соның бірі – қазақтың байырғы тұрмысына тән аталаулар. 
Қасымхан Бегімановтың «Этнографпен әңгіме» атты кітабында Жағда Бабалықұлы: «...Есіме шаш, түк деген сөзге қатысты атау-тіркестер түсіп отыр. Кәдімгі малдың жүні болады ғой, соған қатысты біршама сөзді айтып өтейін. Жүн қырқу, жүн жұлу, күзем жүн, қозы жүн, жабағы жүн, қылшық, түбіт, мамық, шуда, түйе жүн, бота жүн, тайлақ жүн, жүнді жуу, иіру, есу, ширату, өру, тоқу, тарту, түрлеу, шүйкелеу, келептеу, орау, тарқату, тарау, түту, білтелеу, қылшықтау, сабау, шабақтау, жүн тарту, су себу, тебу, құйыршық жеу, ысу, қайнату. Міне, бір ғана «жүн сөзінде қаншама атау тіркес бар?!» –  деп толғанады. Шынымен де бір ғана «жүн» сөзінің түрі мен оны іске жаратудағы атау-тіркестердің өзі 30-дан асып кетеді екен. Осыншама бай дәстүр, шұрайлы тілдің бүгінгі таңда өрісі тарылып, кейбір атау-тіркестер санадан өшіп, тұрмыстан қалып бара жатқаны көңіл жабырқатар дүние екені айтпаса да түсінікті. 
 Хош, төрт түлік жүніне қатысты отыздан астам сөз барын айттық. Ал ендігіде этнограф айшықтаған «тұяқ» пен «мүйіз» сөздерін санамалап шығайықшы. «Жылқы тұяғы, сиыр тұяғы, түйе тұяғы, есек тұяғы, қашыр тұяғы, құлан тұяғы, қодас тұяғы, ешкінің тұяғы». Бұл жұп һәм тақ тұяқтыларға қатысты атаулар десек те, біз «түйе тұяғы» деген сөзге күмәнмен қарап, тереңнен талдап көрдік. Өйткені қазақтың қолданысында «түйе табан» деген сөздің бары анық. Әрине, түйеде тұяқ болатынын баршамыз білеміз дегенмен, сөз қолданысында көп кездесе бермегендіктен, «осы түйенің табаны деп атаушы еді ғой?» деген секем ой-санада сайрап тұрды. Сөзді қуалай келе қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінде «түйенің тұяғы түскен жер» деген сөйлем қолданылатынын білдік. Бұл «Ит арқасы қиянда», «айшылық жер» деген тіркестермен сарындас, «алыс» деген мағына беретін сөз екен. Бұл орайда бастапқы тұяқ сөзінен ойысып, мүйіздерді санамалайық. Бұған: «арқар мүйіз, қарақұйрық мүйіз, қошқар мүйіз, теке мүйіз, ешкі мүйіз, ақтаң мүйіз,  серке мүйіз, бұлан мүйіз, таутеке мүйіз» сынды өзге де мүйіз атаулары кіреді. Мұның бәрін санамалай берсек, жоғарыда атап өткен «түйенің тұяғы түскен жерге» барып бірақ тоқтармыз. Тұрмыс салтымызға сіңісті болған осыншама бай сөзді, бай атауларды зерттей келе әрі таңданып отырып: «Алла бағымызға орай бізді біраз дүниеден шектепті. Егер Африка сынды құрлықтарда мекен ететін жануарлар қазақ сахарасында тіршілік кешкенде атау-тіркестен көз сүрінгендей екен», – деп іштей риза кейіпте күліп алдық. Әрине, бұл қазақтың ділмарлығын әжуалағандық емес, осыншама биік парасатпен дүниенің бәрін дәстүр-салтында жаңғыртып, әрбір жанды-жансыз дүниеге өз ұғымы бойынша атау бергеніне риза болғандықтан.
Бұл орайда мүйіз бен тұяқтан жасалған бұйымдарды да аттап кете алмасымыз анық. Өйткені оның бәрін ата-бабаларымыз тұрмыста қолданып, мирас боларын бізге аманаттап кеткен-ді. Хош, аталмыш бұймдарды санамалап шығайық: «мүйіз қасық, мүйіз сап, мүйіз түйме, мүйіз тиек, мүйіз біз, мүйіз тебен, мүйіз қырықтық, мүйіз шақша, мүйіз құрттауыш, мүйіз сыдырғы, мүйіз сыдырғы, мүйіз ысқы, мүйіз ұршық, мүйіз ожау, мүйіз піспек, мүйіз дәндәку, қамшы сап, пышақ сап, бүркіт балдақ, мүйіз тарақ, мүйіз қатарма». Міне, осының бәрі біздің ата-бабаларымыздың бай дәстүрінен, тұрмыс-салтынан сүзіліп шыққан атау-тіркестер, бізге мирас еткен этнографиялық терминдер.  Бұл орайда Жағда Бабалықұлының аузынан «тілге қатысты айтқандарыңыздың шашауын шығармай еліңізге қайта аманаттайын» деген уәдемен сөз суырған Қасымхан Бегіманның еңбегін ерекше атап өтуіміз керек-ақ. 
Айта кетуіміз керек – тұяқ пен мүйіз туралы айтып өткенімізбен, кейбір жазбаларда, әсіресе көркем шығармаларда тырнақты жануарлар мен аң-құстарға «тұяқты» теліп жіберетіндер бар. Мұны шабыт үстінде жіберген немесе логикалық қателік дегенімізбен, бұл шын мәнінде сөзге, ана тілге жасалған қиянатпен тең екенін жасыра алмаймыз. Сол үшін де «бүркіт, қарақұс, тазқара, қозықұмай, жылан жегіш, үкі» сынды құс атаулы және «ит, қасқыр, аю, мысық, сілеусін» сынды аңдарда тырнақ болатынын қаперде ұстаған жөн.
Дәстүріне берік ұстанымын, ұлы құндылығын қастерлеп келген қазақ елінің бүгінгі хәлін айшықтарға ауыз бармайды. Өйткені ұшқары айтып немесе кем сипаттап қоюуымыз кәдік. Екінші жағынан ұлт үдерісіне, көшінің басына шығып дабыл қағар жүректілік кешегі Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды кемеңгерлердің де бойынан табылмаған. Табылса да «көшін қай бел-белеске доғарса да қазақ қазақылығын жоғалтпайды» деген шығар. Алайда мынау алмағайып шақта осыншама бай мұрамызды тілдік саладағы телегей сөз кенішімізді сарқып алмай жадымызға тоқи аламыз ба екен деп алаңдайды көңіл шіркін! Сол үшін тым болмағанда дәстүрдегі дүниелерді осылай жаңғыртайық деп қолға қалам алдық. Сол үшін салт пен дәстүрден сыр шертетін сүйікті газетіңіз «Jetіsý»-дағы» «Qolamtа» айдарын назарда ұстап жүргейсіз, алдияр оқырман! 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ