ДҮКЕН ИЕЛЕРІНІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ: САЛЫҚ ӨКІЛІ МӘН-ЖАЙДЫ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 19.03.2021
Оқылды: 1241
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорғанда жеке кәсіпкерлер ҚР Қаржы министрлігі мен салық органдарының жобасына наразылық білдіріп, кейбіреуі дүкендерін жауып тастауға дейін барған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Әсіресе, микробизнеспен айналысып, шағын дүкен ашқан жандар виртуалды қоймамен жұмыс істеуге, ілеспе құжаттар рәсімдеу мен сканерлеу құрылғысын, онлайн бақылау кассалық аппаратын орнатуға қарсы.

Аталған талаптарды орындау үшін кәсіпкерлер заңгер мен есепшіні жалдауға тура келеді. Өйткені, ондағы есеп беру, құжаттарды рәсімдеу секілді жауапты жұмыстар тек мамандардың қолынан ғана келеді. Ал оларды жалдау артық шығын, қалатаға салмақ салады.

Істің мән-жайын түсіндіру үшін «Jetisy media» ақпараттық алаңында журналистермен брифинг өтіп, Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ләззат Айтахунова пилоттық жобаның мақсат-міндетін баяндады.

- Ескеретін дүние, жаңа жоба пилоттық режимде жұмыс істейді. Сондықтан, жүйені дұрыс толтырмағандарға ешқандай жаза жоқ. Қазір электронды жүйені оңтайландырып, кәсіпкерлер үшін қолайды жағдай жасауға күш салынуда. Наразылық білдірген кәсіпкерлердің мәселесі толығымен шешілді. Шағын кәсіпкерлер электрондық шот-фактура мен ілеспе құжаттан босатылады, – деген Ләззат Сағынбекқызы олардың виртуалды қоймамен жұмыс істеуі тиіс екенін айтты. Ол үшін тауарды онлайн бақылау кассалық аппаратынан өткізіп, әр сатып алған затқа түбіртек береді.

Кәсіпкерлердің «Аппаратты сатып алу керек пе?», «Виртуалды қоймамен қалай жұмыс істейміз?» сынды сұрақтары жауапсыз қалмады. Департамент өкілдері оның еш қиындығы жоғын айтып, қазір мобильді қосымша әзірленіп жатқанын алға тартты. Қосымша дайын болғанда QR-код арқылы сатылған тауар виртуалды қоймамен автоматты түрде байланысқа түседі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы