КҮРІШ ЕГУШІЛЕРДІҢ АЙЛЫҒЫ НАУҚАНДА 400 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН КӨТЕРІЛЕДІ

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 1638
Бөлім: ОН САУСАҚ

Аграрлы ауданымыздың негізгі саласының бірі егін шаруашылығы болғандықтан өңірімізде егін ору жұмысы дер кезінде басталып, дала төсі дүбірге бөленіп, қызу еңбек қарқын алуда. Аудан диқандары өңіріміздің басты байлығы ақ күрішті  жаз бойы күтіп-баптап, уақытылы қамбаға құйып алудың қамына білек сыбана кірісіп кетті. Өнімді төкпей-шашпай жинауға бар күшін жұмсаған шаруашылықтардың бүгінгі белсенділігі жақсы. Аудан бойынша себілген 6800 гектар күріш дақылының бүгінгі таңда 5459 гектары шабылса, 4400 гектары бастырылды.

Дала төсін дүбірге бөлеп, еңбектің қазанын қайнатқан аудан диқандарының жағдайын бағамдап қайту үшін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалым Нарбаевпен бірге аудан іргесінде орналасқан «Марат» шаруа қожалығының егіс алқабына арнайы барып қайттық.

Аталмыш шаруашылықтың егіс алқабында «Марат» ШҚ-нің бригадирі Нұркен Пұшанов, шаруашылықтың механизаторлары Дархан Шыбықбаев, Ғалым Қоржынбаев, Ержан Мәдіғұлов және Серікболсын Сабырхандар еңбектің көрігін қыздырып, күріш орағының қарқынын жеделдетіп жатыр екен. Диқандардың егіс алқабында атқаратын жұмысы шаш етектен болса да, бізді көріп тізгіндерін тежеп, сәл аялдады.

Ерте тұрып, кеш жатып, егін орағын ысырапсыз жинауды мақсат тұтқан еңбеккерлермен сұхбаттасқан едік. Шаруашылық бригадирі Нұркен Пұшанов:

Биыл күріш тұқымын жаңалау мақсатында Қызылорда өңірінен 20 тонна «Янтарь» атты күріш тұқымын сатып алдық. Жаңа күріш тұқымын 120 гектар жерге сіңіріп, бүгінде сол ақ маржан егілген егіс алқабының соңғы гектарын шауып жатырмыз. Күріштің әр гектарынан 52 центнерден өнім аламыз. Оның себебі, біріншіден жаңа тұқымның нәтижесі болса, екіншіден, биылғы ауа райының күрішке қолайлы болғандығы деп білемін. Жаздағы аптап ыстық күріш дақылының әбден өсіп-жетілуіне мол әсерін тигізді. Ал өздеріңіз білетіндей, күріш – суды да, ыстықты да жаны сүйетін дәнді дақыл. Шаруашылық құрылғалы биыл жетінші жыл. Шаруашылық басшысының тапсыруымен ауыспалы егіс алқабын дұрыс қолданып, ұжымдағылармен жұмыс барысын  жыл басында жоспарлап аламыз. Бұдан бөлек, «Марат» шаруа қожалығы 220 гектарға бидай дақылын егіп, алтын дәннің әр гектарынан 19 центнерден өнім алды. Ал 360 гектар жерге егілген көпжылдық шөптен 12000 орам бастырып,  қысқы мал азығын дайындады. Енді күріш сабағынан 2000 орам бастыруды жоспарлап отырмыз, – деді.

Күріш алқабында ораққа 4 комбайн, астық тасымалдауға 2 «КАМАЗ» көлігі, сондай-ақ, 1 «Т-150», төрт «МТЗ-80» және 2 «МТЗ-1221» тракторы тынымсыз жұмыс істеп жүр. Механизатор Дархан Шыбықбаевтың айтуынша, егіс алқабындағы техниканың қосалқы бөлшегі және жанар-жағармайы жеткілікті. Олар жұмыс барысында бір-біріне қарайласып, жауапты науқан кезінде барлық шаруаны ауызбірлікпен атқарады.

Шаруа қожалығында 10 адам еңбек етеді. Жұмыскерлер науқан кезінде орта есеппен 350-400 мың теңге көлемінде жалақы алады. Мұның сыртында басшылық тарапынан жем-шөп, күріш, тағы басқа да көмек көрсетіліп, отбасы жағдайына да жәрдемдесіп тұрады.

Ерте көктемнен қолдарына алған кетпен-күректерін алажаздай тастамаған диқандардың төккен терінің өтелетін кезі осы. «Төккен тері өтелсін» деген тілекпен қайта жолға шықтық.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы,

Алматы облысы