ЖЕТІГЕНДЕ ЖЫЛЫНА 10 МЫҢ ТОННА ЕТ ӨНДІРЕТІН ҚҰС ФАБРИКАСЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 21.10.2022
Оқылды: 1772
Бөлім: ОН САУСАҚ

Республика күні қарсаңында Іле ауданында бірнеше нысан ашылды. Соның бірі – Жетіген ауылындағы құс фабрикасы. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Өйткені, 380 адам жұмыспен қамтылмақ.

Зауыттың салтанатты ашылуына Алматы облысы әкімінің орынбасары Рауан Рақымбеков, аудан әкімі Бағдат Қарасаев, «Nauryz agro KZ» ЖШС директоры Наим Турдиев, зауыт қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Бағдат Қарасаев фабриканың құрылтайшысы «Nauryz agro KZ» ЖШС облыс көлемінде 4 ірі жобаны жүзеге асыратынын, бұл соның алғашқысы екенін атап өтті. Зауыт бельгиялық озық жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, сәйкесінше, бар жұмыс автоматтандырылғанын жеткізді.

«Nauryz agro KZ» ЖШС директоры Наим Турдиев фабриканы тек бизнес көзі ретінде ғана емес, ұзақ жыл халыққа қызмет етіп, ауылдың көркеюіне үлес қосу мақсатында ашып отырғанын, бройлер бағытындағы тауық еттерін шығарып, жыл сайын қуаттылығын арттыра түсетінін, осылайша халықтың сұранысын барынша өтеу бағытында жұмыс істейтінін айтты.

Бұдан соң жиналғандар зауыттың әкімшілік кеңсесін, құс фабрикасын аралап, жұмыс барысымен танысты. Жалпы, өндіріс ошағының салынуына 6,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қуаттылығы жылына 10 мың тонна құс етін өндіруге жетеді. Халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетін фабриканың облыс экономикасына да қосар үлесі зор болмақ.

Алма ЕСЕНБАЙ

Жетіген ауылы,

Іле ауданы,

Алматы облысы