ЧИЛИ КОМПАНИЯСЫ ЖАҢА КӘСІПОРЫН АШУҒА НИЕТТІ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1449
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Чили Республикасының «ME-Elecmetal» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында чилилік бизнесмендер Қазақстанмен серіктестік байланыс орнатып, инвестиция салуға ниетті екендіктерін, ол үшін, алдымен, өз кәсіпорындарын орналастыратын және жұмысын жүргізетін лайықты өндірістік алаң іздеу мақсатымен келгенін айтты.

Атап өтсек, «ME-Elecmetal» компаниясы тау-кен өндірісі саласында диірмен қаптамаларын шығаруда өндірістік қуаты мен өнім шығару көлемі жағынан әлемде көшбасшы саналады. Компания шикізатты Қытайдағы кен орнынан жеткізіп, Жетісу аймағында өңдеу ісімен айналыспақ. Олардың жылына 100-140 мың тонна жоғары сапалы өнім өндіру жоспары бар. Дайын өнімді өткізуде негізінен «KAZ Minerals» компаниясымен серіктестік болатындарын айтады. «Талдықорған» индустриалды аймағының барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтылуы Чили кәсіпкерлерінің қызығушылығын туғызған.

«KAZ Minerals» компаниясымен келісімшарт жасасамыз. Сіздерге ұсынылып отырған жобамызды директорлар кеңесі бізге бекітіп береді. Содан кейін нақты қадамдар жасауға әзірміз», - деді «ME-Elecmetal» бірлескен компаниясының өкілі, ұсату бөлімінің аға атқарушы вице-президенті Зен Жу мырза.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ресми қонақтарға жылы лебізін білдіріп, еліміздің, соның ішінде, Жетісу аймағының логистикалық мүмкіндіктері мол екеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ, «Талдықорған» индустриалды аймағында өндірісті дамытуға қажетті барлық инфрақұрылым жүйелері жасалғанын айтты.

Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның аймаққа тиімділігі тұрғысындағы бірқатар жайттарды пысықтаған облыс әкімі өз тарапынан қажетті қолдау көрсететінін білдірді.

- Сіздермен серіктес болуға пейілдіміз. Дегенмен, коронавирусты және басқа да себептерді алға тартып, кей жобалардың іске асырылуын ұзатып алған инвесторлар да бар. Бізге жобалардың уақытында жүзеге асырылғаны және оның өз тиімділігін көрсеткені керек. Ол үшін біз жергілікті атқарушы органға қатысты жұмыстарды дер кезінде атқаруға мүдделіміз. Өзіңіз атап өткен барлық құжаттық рәсімдер аяқталғанда тағы бір кездесіп, жобаның жай-жапсарын егжей-тегжейлі талқылауға әзірміз, - деді Б.Исабаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"