«КЕҢ ДАЛАДА» ЖҰМЫС ҚЫЗУ

Уақыты: 14.10.2023
Оқылды: 1911
Бөлім: ОН САУСАҚ

Берекесі мен бірлігі жарасқан Мәулімбай ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі көз қуантты. Заман талабына сай блокты-модульді медициналық пункт менмұндалап тұр. Балаларға арналған ойын алаңында ауылдың қарадомалақтары  мәз болып, асыр сала ойнап жүр. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан спорт алаңы жақын арада халық игілігіне беріледі. Ауыл әкімінің айтуынша, спорт алаңын салу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. 

Жұмыс қарқынының Мәулімбай ауылындағы «Кең дала» шаруа қожалығында қыза түскенін көзбен көріп қайттық.  2015 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен айналысып келе жатқан қожалық алғашқыда біраз қиындыққа тап болғанымен  қазір жаңа техниканың күшімен өнімді еселеп, кірісті арттырған. «Кең дала» шаруа қожалығы тәтті түбірмен қатар соя, арпа, бидай, жүгері дақылдарын да өсіреді. Әрі осы  өңірдегі оза шауып шыққан қожалық ретінде басқа да шаруалардың ісіне көмек беріп, орталықтандырылған қызмет көрсету міндетін атқаруда. Аталған шаруашылықта 28 техника егінжайларда тоқтаусыз жүріп, диқандардың қолын ұзартуда. Осының арқасында «Алан» сервистік-дайындау орталығы өткен жылы аудандағы 10 шаруашылықтың қант қызылшасын күтіп-баптауға, жинауға көмектескен. Ал «Кең дала» қожалығына серіктес ретінде біріккен 12 шаруа қожалығы бұл техникалардың игілігін егін маусымының басынан бірге көріп келеді. 

Бүгінгі таңда шаруа қожалығында 25 адам еңбек етеді. Таңның атысынан кештің батысына дейін қасиетті қара жерден мол өнім алу үшін білек сыбана еңбек еткен еңбеккерлер – нағыз еңбек адамы. Таймер Маматаев, Қуандық Демеген, Рүстем Максимов, Санжар Өксікбаев, Қайрат Жапаров бастаған азаматтар шаруашылық жұмысын бес саусақтай меңгеріп алған. Шаруашылық қызметкерлеріне 150-200 мың аралығында еңбекақы төленеді.  

«Кең дала» жеке шаруа қожалығы директорының көмекшісі Таймер Маматаев биыл 300 гектар жерге қант қызылшасы егілгенін айтып, келер жылғы жоспарымен бөлісті. 

 – «Ексең егін, ішерсің тегін» деген қазақтың сөзі дәл айтылған. Биылғы беталысымыз жаман емес. Көктемде ауа райының сәл қолайсыздығы өнімге әсер етті. Үсік те болды. Түрлі тыңайтқыш беріп, уақытында күтім жасап өнім өндірдік. Қазір 150 гектарға жуық өнімді жинап алдық. 1 тоннасына 500-600 центнер өнім алсақ, дұрыс суарылмаған жерден  300 центнер өнім алып жатырмыз. Бірақ былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш өте жақсы. Енді келер жылы қант қызылшасының егістік көлемін көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Батыр баба есімімен аталған бұл қасиетті ауылдың берекесі мен бірлігі берік сақталған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қариядан бата алмай іс бастамаған ауылдың болашағы да жарқын болсын деп ата басылым атынан ақ тілек арнап, ауылмен қимай қоштасып, қаланың тынымсыз тірлігіне бет алдық. 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Мұсабек ауылдық округі
Көксу ауданы 
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ