ҚОЛӨНЕРШІЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ

Уақыты: 16.10.2023
Оқылды: 892
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ұлттық өнеріміздің алтын арқауының бірі саналатын қолөнерші­лер көрмесі ұйымдастырылды. Ардагерлер кеңесі ұйтқы болған облыстық шара бұған дейін бірнеше рет өткен болатын. Бұл жолы Талдықорған қаласындағы Өтенай ауылдық Мәдениет үйінде өткен көрмеде 8 аудан, 2 қаладан келген 39 шебер басқосты.

Қазақ халқының дәстүрін дәріптеу, ата-бабадан мұра болып қалған қолөнерді жас ұрпақтың санасына сіңіру, ел мен жерге деген перзенттік сезімін арттыру мақсатында өрнек тапқан байқауда сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт:

– Дәстүрімізді дәріптеп, халқымыздың өнерін дамытуды алға қойған байқауға кішкентай баладан бастап, қазыналы қарттарымызға дейін келіп өз бағаларын беріп жүр. Оқушыларға таңсық болған дүниелер танымдық ойлау қабілетіне ғана емес, қолөнерлікке қызығушылықтарын арттырғанын байқадық. Байқауда қазылық етуге облысымыздың мәдениетіне өз үлесін қосып жүрген суретші, профессорлар келді, – дей келе аталмыш доданың әділқазыларын таныстырып өтті.

Өнер байқауында қазылық ететін құрамда Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының бас суретшісі Қарлығаш Шалабаева, облыстық «Көркемөнер галереясының» директоры Қайрат Қаблисанов, І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің оқытушысы, профессор Нұралы Адамқұлов, әжелер комитетінің төрайымы Дина Нұрғалиева мен аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева болып, қатысушылардың еңбегін бағалады.

Байқауға аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен озып шыққан зергер, тігінші, тоқымашы, ұлттық қолөнер шебері, суретшілерден  1 адамнан қатыса алады. Сайыстың шарттарына сай 5 аталым  бойынша шеберлер бақ сынасты.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік зергер» аталымына көксулық Нұрдаулет Көлбаев лайықты деп танылды. «Үздік суретші» алакөлдік Советхан Қазиевке, «Үздік тігінші» текелілік Мәрия Кекілханға,  «Үздік тоқымашы» сарқандық Надежда Ардиенкоға, «Үздік ұлттық бұйымдар шебері» аталымы ескелділік  Мейірхан Данышпановқа бұйырды. Сонымен қатар, басқа да ерекше туынды авторларына арнайы сыйлық, Алғыс хат табысталды.

Айғаным АЙТМҰХАН