Алқаптардан 15 мың тоннадан астам астық жиналды

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 1039
Бөлім: ОН САУСАҚ

Биыл жаркенттік диқандар жалпы 26708 гектардан астам жерге «дала аруының» әртүрлі сұрыптарын өсірген болатын. Қатардағы тауарлы жүгері сорттарымен бірге еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарын жүгері тұқымымен қамтамасыз ететін өңірде «дала аруының» элиталық тұқымдық түрлері де мол егілді. Өңір жүгерішілері өздері өсірген дақылдың ерте пісіп-жетілетін сұрыптарын қыркүйек айының орта шенінде орып, жинауға кірісті.

 Биыл көктемгі ауа райының тым салқын болуына байланысты таудағы қар мен мұз кеш еріп, егістік алқаптарын суаратын судың тапшылығына байланысты шаруалар жүгері егу науқанын жай бастады. Сол себепті күзгі жаппай жүгері жинау науқаны да әдеттегіден бір айға кешікті. 

–  Жүгері жинау науқаны жаппай басталған қазан айының алғашқы онкүнінде 5 мың гектардан астам алқаптың өнімі орылып, алқаптардан 15 мың тоннадан астам астық жиналды, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саят Хасанов. – Қазіргі қарқынмен әр гектардан жиналған дән орта есеппен 66,1 центнерден айналып отыр. Жаздың жаңбырсыз, ағын судың жылдағыдан аздығын ойға алсақ бұл көрсеткіш көңіл көншітеді деуге негіз бар.

 Бөлім басшысының мәліметі бойынша Үшарал ауылдық округінде 1250 гектардағы жүгері алқабының өнімі жиналып, қырманға 8262 мың тоннадан астам дән әкелінген. Қазір Көкталда 300, Пенжімде 320, Үлкеншығанда 200, Шолақайда 300 гектар жердің астығы жиналды, бұл округтерде де өнімділік көрсеткіші жоғары.

Өңірде жүгері жинау науқаны түгел техника күшімен атқарылуда. Биылғы науқандық жұмысқа аудан бойынша жалпы 90-ға жуық жүгері оратын комбайн қатысады, оның жартысына жуығы алқаптан дәнді бірден уатып жинайтын әмбебап комбайн, 600-ден астам трактор, мыңнан астам тіркеме әзірленген. Егіншілер биыл да бірқатар жаңа техника сатып алды. Өткен тоғыз айда ауданда жаңадан жалпы 925,2 миллион теңгеге 62 техника сатып алынды.

Жазиралы Жаркент өңірі егіншілерінің негізгі тіршілігі «дала аруын» өсірумен байланысты болғанымен  мұнда жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажет басқа да дақылдар аз емес. Айталық биыл жаркенттік диқандар 397 гектар жерге жаздық бидай өсіріп, одан 955 тонна дән жинаған. Сол сияқты 457 гектарға арпа егіп, 1241 тонна өнім алыпты. Өңірде жалпы 15146 гектардан астам алқапқа көпжылдық шөп өсіріліп, одан қыс маусымына 203400 тонна жоңышқа,15700 тонна пішендеме, 18 мың тонна сүрлем дайындалған. Картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидектен де мол өнім жиналыпты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы