Сарқан өңірінде шағын және орта кәсіпті өркендетіп жүргендер жетерлік. Соның бірі – Алмалы ауылындағы «Ерғалиев С» шаруа қожалығы.
2017 жылы мал бордақылау алаңын құрған шаруашылық ірі қара малын бордақылап, ет өнімдерін үлкен қалаларға жөнелтуде. 150 басқа лайықталған қорада 24 бас қазақтың ақбас сиырының төлдері бордақылануда. Шаруашылық басшысы Қайрат Ерғалиевтің айтуынша, жуық арада тағы 70 малды Семей қаласынан жеткізу жоспарлануда. Шамамен әрбір бұқаның салмағы 700 келі. Сонымен қатар, аталған шаруашылық басшысы Қайрат Серікжанұлы жылқы малын да өсіруге ден қойғанын айтты. Бордақылау алаңының ішіндегі барлық жұмыс автоматтандырылған, қолдың күшін қажет етпейді. 6 ай сайын мал бордақылап, Алматы қаласына жеткізіледі. Негізгі бағыты ет өнімдерін үлкен қалаларға саудалап отырған шаруашылық осы жобаға 15 миллион қаражат жұмсаған.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімі мамандарының мәліметінше, аудандағы «Арлан», «Бекишов» шаруа қожалықтары асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алған. Қазір «Ерғалиев С» шаруа қожалығы да осы мәртебені алуға қам жасауда. Осылайша қожалық ет экспортына еселей өз үлесін қосуда. Ақсу ауданына қарасты Матай өңірінде 300 бас сауын сиыр мен 100 бас бұқа өсірілуде. Жалпы, ауданда мал бордақылаумен айналысатын бір емес ондаған шаруашылық бар.
Ауданда 13 мал бордақылау алаңында жобалау қуаттылығымен 2520 ірі қара малына орын бар. Бүгінде ол жерде 444 бас мал бордақылануда.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы