«Батыр түсінде жау көрсе, балықшы түсінде ау көреді» дегендей, Қамысқала тұрғындарының да жан дүниесі балықпен егіз өскен. Ауыл тұрғындарын толғандырған тағы бір мәселе – балық шаруашылығын өркендетуге кедергі келтіріп отырған жағдайлар. Кездесу аясында балықшылар журналистердің осыны жан-жақты зерделеп, түпкілікті себебін анықтап, көпті толғандырған мәселені шешуге атсалысуды сұрады. Әрине, бұл ұсынысты да қарымымыз жеткенше басылым бетінде көтеретінімізді айттық.
Дегенмен, Алакөлде балық шаруашылығының бабын келтіріп, нәпақасын еселеп отырған шаруашылықтар да бар. Сапар барысында олардың да жетістігін жазып қайттық. Біз инкубациялық цехта балықтың құртшабақтарын өсіретін «Әділ» шаруа қожалығының жұмысымен де таныстық.
2010 жылы құрылған шаруашылық алғашында қайықпен жүзіп, қармақ ұстауды жаны сүйетін балықшылардың басын біріктіруді мақсат тұтқан. Кейінгі кездері Алакөл мен Сасықкөл көлдерінде балық санын көбейтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуда.
Шаруашылықтың балық өсіретін 6, шаян өсіретін 3 хауызында жұмыс қарқынды. Аумағы 248 шаршы метрді құрайтын инкубациялық цех италияндық заманауи аппараттармен жабдықталған. Жаңа технологияның көмегінмен балық өнімдерінің сапасын жақсартып, тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруда. Дайын өнімнің басым бөлігі Қазақстан нарығын қамтамасыз етумен қатар, басқа елдерге де экспортталады. Цехта жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.
Табыс көзін кеңейте түскен шаруа қожалығының 10 млн. уылдырықтан 500 мыңға жуық құртшабақ, шаянның 6 млн. уылдырығынан 66 тонна шаян өсіруге мүмкіндігі бар. Күз мезгілінде Алакөл көліне жылына 150000-ға жуық сазан балығын жіберіп, оны сату жұмысымен де айналысады.
– 2010 жылы бастаған жобамыз ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Балық өсіру арқылы еңбегіміздің жемісін көріп, отбасымызды асыраудамыз. Алдағы уақытта цехты кеңейтіп, балық санын екі есе арттырып, шетелдерге экспорт көлемін көбейтсек деген жоспар бар», – дейді кәсіпкер Ерлан Қажинов. Сондай-ақ, кәсіпкер «Jetisy» газетінің тұрақты оқырманы екенін тілге тиек етіп, алдағы науқанда да шет қалмайтынын жеткізді.
Жалпы, балық өсіру машақаты көп жұмыс. Балық уылдырығынан шыққан құртшабақтарды арнайы су бассейнінде 12-14 градус температурада ұстап, өмір сүруіне қажетті оттегімен үнемі қамтамасыз етудің өзі ғылыми ізденіс пен табандылықты қажет етеді. Шабақтарды жымық және арпа-бидаймен 3 уақыт тамақтандырып отыру кәсіпкер үшін оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдауды да көбейту керек.
Қажет Андас
Алакөл ауданы