«Санамда» сан түрлі тәтті бар

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 753
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жаркент қаласындағы «Санам» ЖК цехы біраз жылдан бері Панфилов, Ұйғыр аудандарындағы отызға жуық кафетерийлер мен азық-түлік дүкендері арқылы өздері пісіріп дайындаған кулинарлық тәттілерін саудалап келеді.

Әсем безендірілген торттар мен тәтті түрлері тұтынушыларын қолжетімді бағаларымен қуантады. Дастарқан көркін кіргізетін тәтті тағамдар әралуандығымен көз арбайды.

– Тұтынушыларды күн сайын пісірілген дәмді тағамдарымызбен қуантудамыз, – дейді «Санам» кулинарлық цехының қожайыны Санам Садықова.

Жеке кәсіпкер Санамның негізгі мамандығы астық сақтау мен қайта өңдеу технологі. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданардан бұрын Көктал жүгері зауытында сарапшы болып еңбек еткен. 1986 жылы Жаркент қаласындағы құрылыс материалдары зауытына сапа инженері қызметіне ауысты. Оның кулинарлық қызметті таңдауына тоқсаныншы жылдардағы ірі кәсіпорындар мен зауыттардың жаппай жабыла бастауы себеп болған. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, елмен бірге қытай тауарларын саудалап жүріп, 4 күнге Үрімжіге барады. Осы қаладағы арнайы технологиямен тәттілер пісіретін «Армани» өндіріс комбинатының жұмысымен танысады. Көз арбайтын тәтті түрлері оны тамсандырып, таңдандырды. Сол сәтте ол жерлестеріне осындай кулинарлық шеберлікпен пісірілген тәтті тағамдар ұсынуды мақсат етті. 

Сапарынан оралысымен қайта Қытайға барып келуге құжаттарын әзірледі. Сөйтіп, Үрімжіге келген ол 12 күн «Армани» комбинаты шеберлерінен кулинарлық істің қыр-сырын үйренді. Одан кейін алматылық кондитерлерден де тәжірибесін байытты. Сөйтіп, Шолақай ауылындағы орта мектеп оқушыларына тағам сататын буфетті жалға алып, өнімін саудалап, таңдаған кәсібін жетік білетін маман болып шықты. Көп ұзамай ол пісірген тәттілердің дәмділігі ел ішіне тарады. Біртіндеп әртүрлі той, мерекелерге торт пісіріп, тоқаш пен тәтті түрлеріне тапсырыс артты.

 – 1999 жылы аудандағы 3 мектеп асханасына қызмет көрсету тендерін ұтып алдым, – дейді Санам Тұрсынқызы. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына ыстық тамақтар әзірлеп, өздері пісірген тәттілерді де ұсынған. 2003 жылы «Санам» ЖК бизнесін бастап, отбасылық кәсіпорын ашқан. Жолдасы Құрбанжан Таямов та келіншегінің бизнесін қолдап, кәсіпкерліктің өркен жаюына көмегін тигізген. Жолдасының арқасында дайын өнімдерді тұтынушыларға жеткізетін автокөлік, кәсіпорынға қажет құрал-жабдықтар алған. Қазір кәсіпорында 52 түрлі өнім өндіріледі. Олардың қатарында жеке брендтік тәтті тағамдар да бар.

Алғашқыда цехта 3 адам жұмыс істеді. Бірінші күні жұмысқа орналасқан Бүбіайша Баратова мен Гүлбахрам Зайтова әлі күнге жұмыс істеуде. Қазір ұжымда 47 адам еңбек етеді. Алиям Имамзарова, Шербүбі Мансурова, Назира Қарашева, Жаңылхан Маткәрімованың аталған кәсіпорында еңбек еткеніне 15 жылдан асқан. Ал Рехангүл Розметова, Қатипа Нүсіпова, Гүлмира Ақмолдаева, Феруза Марипова және Сәуле Әлімқұлованың ұжымға қосылғанына біраз болыпты. Уақыт өткен сайын бұл кәсіпорында өндірілетін өнім түрлері көбейіп, өндірістік қуат артып келеді. 

Бастысы, балалары өсіп, отбасылық бизнеске көмек көрсете бастаған. Қызы Венера Алимова мен немересі Эльвира Мақсұталиева технолог мамандығын меңгеріп, кәсіпорын жұмысына қолғабыс етіп жүр. Олар «Анжир» Қытай компаниясында тәжірибеден өтіп, шеберліктерін шыңдап, Жаркент қаласында өздерінің кафетерийін ашқан. Баласы Ильхам – экономист, ол кәсіп-   орын өндірісін басқарады, дайын өнімдерді екі ауданға таратады, өндіріске қажет шикізаттарды әзірлеу де соның міндетінде. Ильхамға ауылдастары Абдуғани Мансуров пен Толқын Садықов көмектеседі. 2017 жылы Санам Садықова республикалық «Ақ дастархан» бәйгесіне қатысып, 3-орынды жеңіп алды. 2019 жылғы наурызда «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің «Үздік кәсіпкер» медалімен марапатталған. 

Отбасылық бизнесті өркендеткен кәсіпкер ана өңірдегі қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Соңғы бірнеше жылдан бері 3 мектептегі 100 оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, Балаларды қорғау күні, жаңа жыл мерекелерінде аз қамтылған отбасылар мен мүгедек балаларға өздерінің тәтті тағамдарын ұсынады. Жерұйық ауылындағы орта мектепке құрылыс материалдарын, басқа да қажет заттарды алуға қаржылай көмек көрсетеді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы