Ою тарихтан сыр шертеді

Уақыты: 10.03.2024
Оқылды: 699
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еліміздің сан ғасырлық тарихы ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа аңыз, ертегі, дастан, бәйіт арқылы  жетті.  Халқымыздың салт-дәстүрі шебер, ұста, ісмер, тігінші, оюшы, тоқымашы апаларымыздың қолынан шыққан бұйымдары арқылы жалғасып келеді.  Қазақтың Табиғат-анамен үндес тіршілік кеше отырып қалыптастырған салт-дәстүрі ұрпақтың сарқылмас қазынасы. 

Қоршаған ортаның тылсым сұлулығын ою-өрнек түрінде сөйлете білген көне заманның жәдігері, ата-бабамның көзіндей үш затты сақтап жүрмін. Олар шамамен 1820 жылдары үлкен атамыз Мәжжан қажы Меккеден  әкелген қалың қайыстан жасалған  ерлер сөмкесі. Екіншісі – сан қилы заманнан сандығының түбінде сақтап  жеткізген «Құран Кәрім». Үшіншісі – кестеленген тұскиіз. Оны  анам Күлсімханның шешесі жасаған екен. 

Бұл тұскиізді ол қыз жасауы ретінде бала күннен кестелеген. Бала кезімнен тарихқа құмар болып өсіп,  Қазақ мемлекеттік университетінің  тарих және өнертану  факультетін тамамдадым. Әкем күйші-жыршы, ақынжанды адам еді.  Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров жырлаған Қапалдың төріндегі «Бес сала», «Тесік тас», «Қарасырық», «Сайын бөлек», «Баян жүрек» тауларын мекен еткен малшының қызымын.  Шешем  – айтыскер ақын, сырмақ сырудың шебері. 

Талай ғылыми-зерттеу, экспедициялық сапар, архивтермен жұмыс жасадым. Қолымдағы тұскиіздің өрнегін еш жерден кездестірмеппін. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ»  демекші,  көзге  үйреншікті болған осы тұскиіз өрнегінің ерекше екендігін енді танығандаймын. Қазақ қол- өнерін зерттеуші мамандар классикалық ою-өрнектің төрт тобын былай ажыратады. Геометриялық ою-өрнек, жан-жануар, хайуанаттарға ұқсас ою-өрнек, өсімдік тектес ою-өрнектер және космогониялық ою-өрнектер болып бөлінеді.

Бұл тұскиіз  «Өсімдіктектес» – Жетісу өлкесіне тән өрнек. Бағзы заманда бір руға тән ою-өрнекті басқа ру адамдары пайдалануға рұқсат бермеген. Өйткені ешкімге ұқсамас ерекшелікті сақтап, көзінің қарашығындай сақтаған. Қазақтың әр руы сән үлгісіне ерекше эстетикалық баға беріп, қастерлей білген.  Ою-өрнек ұлттық өнердің ең бір сүбелі саласы екендігін  түсінген. 

Өткен күндер ұмытылса  келер күндерді болжау қиын. Сондықтан қазақ қолөнерін қадірлей білетін жандар ойлана, біле жүрсе екен деген ниеттемін.

Бақдәулет ҚҰСПАН
Талдықорған қаласы