Ерінбеген етікші болады

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1775
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ел арасында он саусағынан өнер тамған шебер көп. Олар, бір жағынан, жұртқа «Өнерлінің өрісі кең» болатынын ұғындырса, екіншіден, еңбекқорлығы арқылы жастарды кәсіптендіруге үлгі болып келеді.  Сол қатарда Кеген ауылындағы шебер етікші Рахым Есімбаев (суретте) ақсақалды айтуға болады.

Жасы 80-ге жуықтаған ақсақал әлі де тың, қимылы ширақ. Қолынан балға-шотын тастамай, бала күнінен кәсіп еткен етікшілікпен айналысып келеді. Кеген ауылының орталық базарындағы шеберханасынан күні бойы адам аяғы үзілмейді. Бірі аяқ-киімін жаматуға әкелсе, енді бірі тапсырыс береді. Рахым ақсақал тіккен етік сапалы, жанға жайлы болғандықтан сұраныс та көп. Оның шеберлігіне тәнті болған көршілес ауылдардың тұрғындары да аяқкиім шеберханасына жиі бас сұғады. 
Рахым ақсақалдың етікшілік кәсіпке деген қызығушылығы бала жасынан бастау алды. Кеңес кезінде халықтың тұрмыс қажетін өтейтін комбинатта еңбек ете жүріп, шебер ұстаздардан мамандықтың қыры мен сырын жетік меңгерді.  Оның кәсіпке деген ынта-ықыласын білген ұстаздары білетіндерін үйретуден жалықпады. Қазір сол еңбегінің зейнетін көріп, кәсібінен нәсіп тауып жүр. Сонымен қатар, жастарға өз шеберлігін үйретіп, кәсіптенуге дем беруде. 

Қажет АНДАС
Кеген ауылы,
Райымбек ауданы