Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЗЕКЕТ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ" ҚОРЫ ӘСКЕРИЛЕРГЕ ЫСТЫҚ ТАМАҚ ТАРАТТЫ

Уақыты: 20.01.2022
Оқылды: 937

Елімізде орын алған толқудан соң қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз етумен айналысқан әскерилер мен қарапайым тұрғындарға ас-ауқат, азық-түлік түрінде көптеген көмек көрсетілуде. Қайырымдылық шараларын әрбір саланың мамандары атқарып жатыр. Солардың арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған қаласындағы "Зекет және қайырымдылық" қоры өкілдері бар.

Жетісу жеріндегі барлық мешіттердің жанындағы қордың өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. ҚМДБ-ның Талдықорған қалалық "Зекет және қайырымдылық" қорының ресми өкілі Омар Хадыстың айтуынша, облыстағы әрбір мешіт қызметкерлері мен жамағаты бірлесіп, елді мекен тыныштығын күзеткен, блокбекеттерде тұрған әскерилерге ыстық тамақ жеткізіп берумен айналысып жатыр.

– Биылғы қаңтардың қандай болғанын бәріміз көрдік, білдік, ұғындық. Сол ауыртпалыққа толы күндерде ел іргесін күзетіп, қиындықты көтерген жауынгерлерге қарапайым халықтың қолдауы қажет. Өйткені, олардың бәрі де өзіміздің бауырларымыз, балаларымыз, туыстарымыз, – деген Омар Хадысұлы барлық аудандағы имамдар халықпен бірге жүргенін жеткізді. – Алакөл, Сарқан, Ақсу, Қаратал, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының жұртшылығы әскерилердің жағдайын жасап, ыстық тамақ жеткізіп беруде. Көмек көрсетілген әскерилердің ұзын саны 2 мыңға жетті. Жасаған жақсылығын мешіт жамағаты бір Алланың разылығы үшін жасап жатыр. Себебі, ел мен жердің тыныштығын күзету әскер қатарында жүрген жас жігіттеріміздің азаматтық борышы екендігін көпшілік ұғынды. Шынында, жақсылық жасауға ұмтылатын мұсылман баласының ұстанымын жақсы білетін мешіт жамағаты қайырымдылық акциясына ерікті түрде қатысуда. Осының өзі халқымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ұйымшылдығын көрсетсе керек.

Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы еліміздегі ахуал тұрақтанғанша жалғасады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы