ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ ОРАЙ КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 1514

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Алғыс айту күніне орай «Ұлыларым – ұстазым» атты қайырымдылық концерті өтті. Университет докторанты, оқытушы Серікбол Шыныбаевтың бастамасымен өтетін кеш жыл сайынғы дәстүрге айналған. Өнегелі іске үлес қосуға Серікбол Төлеутайұлының өнердегі әріптестері арнайы келді.

Көрермен қуана қарсы алған әншілер қатарында ҚР Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің төл шәкірті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы дәстүрлі ән кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов бастаған, «Ағынды менің Ақсуым» композициясының авторы Мұрат Ермекбайұлы, «Талдықорған әуендері» ансамблінің әншісі Абылай Қожақов, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония артисі Сая Есенгелдинова, жезтаңдай әнші Бақытгүл Әбенова, Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылдық Мәдениет үйінің басшысы Ғалия Шахарбаева, танымал эстрада әншісі Айбек Мұхамедәлі және «Жігіттер» вокалдық тобы бар.

Мейірімді мерекедегі қайырымдылық шараға қатысқан әншілерге облыстық ішкі саясат басқармасы мен Талдықорған қаласы әкімдігі Алғыс хат табыс етті.

Б.СЕРИЕВ,

І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дың жастар саясаты жөніндегі проректоры

Алматы облысы