"КЕНЖЕМ 4 ЖАСТА": САЯБАҚТА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН БАТЫР АНА БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 1258

Сүрінгенге тіреу, құлағанға сүйеу болып жүрген «Қарекет» қайырымдылық қорының демеушілері көптеген отбасына қуаныш сыйлап жүргенін бәріміз жақсы білеміз. Қала тұрғыны, жеті баланың анасы Раушан Момбековаға да қайырымды жандар баспана кілтін тарту етті.

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Игі іс жасауда қайырымды жандардың еңбегі ерен. Белсенділік танытқан жақсы адамдардың арқасында талай жыл пәтер жағалап жүрген отбасының енді өз баспанасы бар. Облыс орталығындағы «Жастар» саябағында еңбек ететін батыр анаға шаңырақ кілтін «Қарекет» қайырымдылық қорының облыстағы мүшелері және айтыскер ақын, «Алатау» газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов табыстады.

«Қарекет» қоры еліміздің барлық қалалары мен аймақтарында қайырымдылық ісімен белсенді айналысып келеді. Батыр анаға берілген баспана республика бойынша 275-ші болса, облыс бойынша 18-інші үй.

Жылдар бойы армандаған баспанасына қол жеткізген көпбалалы ана қуаныштан көзіне жас алып, барша қайырымды жанға алғыс айтты.

– «Жыртық үйдің Құдайы бар». Жолдасым өмірден өткен соң барлық жауапкершілік өз мойныма артылды. Тағдыр оңай емес қой. Бұл балаларымның несібесі. Екі қызым тұрмыста. Кенжем 4 жаста. Осындай қуаныш менің отбасымда болып жатқанына әлі де сене алар емеспін. Мен үшін тосынсый болды. Ең бастысы үміт үзбеу керек. Қайырымдылық қорына, халқыма мың алғысымды білдіремін. Қуанышымда шек жоқ, – дейді Раушан Момбекова.

Қайырымдылық жасау қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Асыл дініміз де мұқтаж жандарға жақсылық жасауға бұйырады. Олай болса, жақсылық жасап жарысайық, ағайын!

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан