КАРАНТИНДІ ҚАДАҒАЛАЙТЫН ТОПТЫҢ ЕКІ МҮШЕСІ ҚЫЗМЕТІН АСЫРА ПАЙДАЛАНҒАН

Уақыты: 19.09.2021
Оқылды: 1099
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда мониторингтік топтың екі мүшесі құзыретін асыра пайдаланған. Оларға қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл турасында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов журналистермен өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

- Талдықорғанда осындай бір факт тіркелді. Мониторингтік топтың екі мүшесі ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Басқа облыстар мен аудандарда мұндай фактілер тіркелмеген, - деп жауап берді брифингіде Алматы облысы әкімінің орынбасары. Оның айтуынша, жалпы облыс бойынша 268 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы тексеруге шықпас бұрын тіркеуден өтеді, онсыз ешқандай топтың рейд жүргізуге құқығы жоқ. Биыл наурыз айында Алматыда да фейк мониторингтік топ анықталған еді.

Аудандық әкімдіктер мен infokazakhstan.kz сайттарынан мониторингтік топтарға мүше адамдардың тізімімен танысуға болады. Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлеріне алдын ала тіркеусіз және тексерусіз кәсіпкерлік нысандарға баруға рұқсат етілмейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"