ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕР ӘКІМДІК ҚҰЖАТТАРЫН ҚАЛА ШЕТІНЕ ТӨГІП КЕТКЕН

Уақыты: 22.01.2022
Оқылды: 970
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаңтар айында болған бүлік кезінде өртенген Алматы облысы әкімдігінің құжаттары Талдықорғанның шетінде шашылып жатыр. Бір тұрғын Алматы облысының әкімдігі деп жазылған құжаттарды видеоға түсіріп, желіге жүктеген.

Талдықорған маңында шашылып жатқан бума-бума қағазға қатысты Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мұның барлығы ешқандай маңызы жоқ қағаздар деп түсіндірді. Әкімдік ғимараты өртенгеннен кейін, қазір тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал сол жұмыстарды жүргізген жауаптылар бір көлік қағазға толы қоқысты Талдықорғанға қарасты Еңбек ауылының маңына төгіп кеткен. Қазір оларға ескерту жасалып, барлық қағаздар өртеліп, белгіленбеген жердегі қоқыстың көзі жойылды.

«Алматы облысы әкімдігінің ғимаратын тазалау барысында мердігер мекеме шағылған қирандылар мен өрттен қалған қоқыстарды, соның ішінде, маңызы жоқ қағаздарды қалалық қоқыс полигонына шығарды. Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттар мен «Алматы облысының 2016-2020 жылдарға арналған жұмылдыру жоспары» деген жазуы бар папкаға қатысты айтар болсақ, бұл папка сыртқы қап болып есептеледі, ішінде ешқандай маңызды мәлімет жоқ. Қазіргі кезде қағаз қоқыстар өртелді, белгіленбеген жердегі қоқыс жойылды», - делінген баспасөз қызметінің жауабында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"