КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН ЖҰРТШЫЛЫҚ АСЫҒА КҮТІП ОТЫР - ДЕПУТАТ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 941
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір мемлекеттің дамуы бағдарламалық жоспарларға тікелей байланысты. Алдағы жылдарды қамтитын ондай бағдарламалардың берері мол, пайдасы ұшан-теңіз.

Мемлекет басшысының биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған бастамалардың бәрі де халқымыздың көңілінен шықты. Әсіресе, Президентті 7 жылдық бір мерзімге сайлаудың дұрыстығына осы күні көз жеткізіп отырмыз.

Расында, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениеттілігін, көрегендігін, салиқалы саясаткер екендігін тағы бір көрсетті. Себебі, қазіргідей жаһандық өзгерістер мен геосаяси қақтығыстар белең алған тұста халықтың бірлігі мен келісімі ауадай қажет.

Осы бір сындарлы кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару еліміздің ауызбіршілігін, ынтымағын көрсетеді. Ғасырлар бойы даналықтың мәйегінен нәр алған халқымыздың кез-келген мәселеге сабырмен қарап, дұрыс шешім шығаруы ұлттық сипатымыздың бір белгісі болса керек. Соған байланысты алдағы 20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауын жалпы жұртшылық дұрыс қабылдап отыр.

Ендеше, әрбір азамат өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, саяси көзқарасын дұрыс көрсете алады деген сенімдемін. Әділеттілік жолына түскен елімізде лайықты таңдау жасаймыз деген ойдамын.

Әбдіжаппар ҚЫСТАУБАЕВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты,

Алматы облысының Құрметті азаматы