МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАҢАРТЫЛАДЫ. ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ЖЕТІСУДА

Уақыты: 04.11.2022
Оқылды: 1230
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ келіп, есептік кездесу өткізді. Министр өз сөзінде оқу-ағарту саласындағы жаңалықтарға тоқталып, атқарылуы тиіс шаруалар жайлы баяндады. Шара еркін пікір алмасу түрінде ұйымдастырылды.

Жетісу өңірінде үш ауысымды мектептер жоқ. Бірақ кейбір білім шаңырақтарында орын тапшылығы байқалатыны рас. Алдағы уақытта  ел бойынша  көптеген мектептердің салынатындығына байланысты бұл мәселе де шешілуге тиісті. Биылдан бастап мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшті. Яғни, оқушылар мен ұстаздар сенбі күні демалады.

Ұстаздық ету қиын, жауапкершілігі мол мамандық. Күніне бірнеше сағат балалардың алдында тікеден-тік тұрып, сабақ өткізуге тура келеді. Білім сапасы мен тәрбиеге жауаптылығы, ата-анамен жұмыс істеуі тағы бар. Бірақ олардың барлығының еңбегі ақталып, марапат алып, кәсіби мерекеде қуанышқа кенеле алмайтыны белгілі. Себебі, санаулы Алғыс хат, Құрмет грамотасы барлығына жетпейді.

- Сіздердің де отбасыларыңыз, жеке шаруаларыңыз бар. Сондықтан, сенбі, жексенбіні өздеріңізге арнауларыңыз керек. Ұстаздардың демалыс күні тынығуына баса көңіл бөлінеді. Министрлік тарапынан мұғалімдердің демалыс күндері жұмысқа тартылмауы қадағаланады. Болашақта 25 жыл жұмыс өтілі бар кез-келген ұстаз «Ұстаздық қызметке адалдығы үшін» деген марапатқа ие болады, – деді министр.

Аймағамбетовтың айтқандары ұстаздардың көңілінен шығып, ризашылығын білдірді. Сабақ беру барысында әркім өз тәсілін қолданады. Білім-білігін бала зейініне  тоқытуға тырысады. Алайда тірлік қамымен жүріп, дәріс берудің жаңа тәсілдері мен заманауи әдістерін игере алмай қалатындар да бар.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, болашақта пән курстары ұйымдастырылады. Яғни, әр пәннің мұғалімдері үшін семинар-курстар тегін өткізілетін болады. Жаңа бағдарламалардың тәжірибеге дендеп енгізілуі министрлік тарапынан қадағаланбақшы. Мұғалімдерді аттестациядан өткізу мен біліктілігін арттыру, жалақыларын көтеруге бағытталған жаңа тәсілдер енгізілгені жайлы да айтылды. Балабақшамен жұмыс істеуге де барынша көңіл бөлініп, балдырғандардың  сана-сезімін ерте дамыту бағдарламасы қолданылады. Ойын баласына жас ерекшелігіне байланысты тәрбие беру жүйесі қолға алынады. Қауіпсіздік, санитарлық талаптар артады.

Жиында білім беру сапасына ерекше көңіл бөлінетіні жайлы егжей-тегжейлі айтылды. Бұл орайда пән бағдарламалары өзгереді. Әсіресе, тарих пәні бағдарламасы жаңартылып, қазақ елінің тарихын дендеп оқыту жолға қойылмақ.

– Қазақстан үшін аса маңызды Алтын Орда, Түрік қағанаты, Қазақ хандығы кезеңдері тереңдете оқытылады. Қазақтың жаугершілігі, хандық дәуірі, күрескерлігі санаға сіңірілетін болады, – деді баяндамашы.

Жаңаша оқыту қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәніне де қатысты. Дене шынықтыру пәнінің мазмұны өзгертіледі. Бастауыш сыныпты оқыту бағдарламасы  ғылыми негізге сүйене жүргізіледі. Бірінші сыныпта тек Ана тілі оқытылады. Ана тілі санаға әбден сіңгенде барып, екінші сыныпта орыс тілі қолданылады. Үшінші сыныпта ағылшын тілі оқытылады.

Оқу-ағарту министрі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға да тоқталды. Президент білім беру салсында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды жүктеді. Бұл – отансүйгіштік, білімге құштарлық, еңбекқорлық қалыптастыру. Аталмыш міндеттерді орындау барысында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Тәрбие беру жұмысының жүйесі өзгертіледі. Қаптаған шаралар өткізілмейді. Білім беру саласы мемлекеттік саясат негізінде жұмыс істейтін болады. «Кітапқа құштар мектеп» жобасы қолға алынды. Барлық мектепте кітап қоры, оның ішінде, әлем әдебиеті жинақталады.

Министр мырза балаларды тасымалдайтын жаңа автобустар алынғанын, саны 500-ге жеткендігін тілге тиек етті. Балаларға берілетін ас мәзірінің дәрумендермен толықтырылуы да қозғалды. Көптеген білім шаңырақтарындағы асханадағы тамақ мәзірі талапқа сай емес әрі бағасы қымбат. Алдағы уақытта асхананы жалға алған мердігерлермен келісімшарт жасалғанда тамақтардың бағасы бірден қойылады. Психологтардың жұмысы жаңартылады. Олардың да қағазбастылығы, есеп беруі азайтылады. Колледждер мәселесі, жаңаша білім беру, дуальді оқыту жүйесін дендеп енгізу жайлы да сөз болды.

Ұстаздар қауымы өздерін толғандырып жүрген мәселелерін министрге жеткізіп қалуға тырысты. Олардың барлығына жауап қайтарылды. Соңғы жылдары білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатқаны рас. Ұстаздардың жүктемесі азайтылып, еңбекақылары көбейтілді. Бұл үрдіс жыл сайын жалғаса  бермек.

Жиын соңында Асхат Қанатұлы жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан ұстаздар қауымының еңбегіне табыс тілеп, білім беру саласына қатысты мәселелердің  барлығы біртіндеп шешімін табатынын айтып, алдағы күндерге үлкен үміт сыйлады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Жетісу облысы