ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ. ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 07.11.2022
Оқылды: 1089
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев нидерландылық «Dutch Clean Tech» компаниясының өкілдерімен кездесті. Мұндағы мақсат – мемлекеттік бағдарлама аясында тозығы жеткен ағынсуды тазалау қондырғысын қайта жаңғырту немесе шағын және ірі кәріз жүйелерінің құрылысын жүргізу бойынша ынтымақтаса жұмыс атқару.

Жиынды Марат Елеусізұлы ашып, қонақтарға сөз берді. Басқосу барысында шетелдік компания өкілдері өз жұмыстары жайында әңгімелеп, негізгі қызметтері мен міндеттерін таныстырды.

Белгілі болғанындай, «Dutch Clean Tech Group» су тазалау саласы бойынша 60 жылдан аса тәжірибесі бар жетекші халықаралық компания болып саналады. Басты мақсаты – суды тазарту технологиясын пайдалану арқылы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартып, халықтың қысқа мерзім ішінде жоғары санитарлық жағдайға қол жеткізуіне мүмкіндік туғызу.

Компания өкілдері тазарту құрылыстарын жүргізу жобаларына өз инвестицияларын жұмсамақ. Қажетті жабдықтардың шамамен 20 пайызы Еуропадан жеткізілмек, қалғанын жергілікті компаниялар мен мердігерлер қаматамасыз етеді. Яғни, бұл экономикаға оң әсерін тигізіп, қосымша жұмыс орындарын құруға да септігін тигізетін болады. Қазақстан тарапынан «Базис-А» корпорациясы аталған компанияның әріптесі болып табылады.

Кездесу соңында аймақ басшысы жоба жайлы ойымен бөлісіп, қолдау көрсетілетінін және осы бойынша бірлесе жұмыс атқару қажеттігі жөнінде салаға жауапты мамандарға міндеттемелер жүктеді.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы