БҚО-дағы су тасқыны: Жайықтағы қазіргі жағдай қандай?

Уақыты: 24.04.2024
Оқылды: 236
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері Орал қаласында Жайық өзенінің су деңгейі біртіндеп төмендеп жатқанын айтты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп саяжайда қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмысы жалғасып жатқанын мәлімдеді.

"Осы сағатта республика бойынша 31 112 адам өз үйіне оралды. 8 566 адам, оның ішінде 3 718 бала эвакуациялау пункттерінде. 5 677 тұрғын үй мен 2 584 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,7 миллион текше метрден аса еріген қар суы сорып шығарылды, 5,5 миллион қапшық және 1,5 миллион тонна инертті материал төселді", - деді ол.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 32 мыңнан аса адам, 4 мың техника, 773 су сору құралы, 294 жүзу құралы, 13 әуе кемесі жұмылдырылған.

Фото: ТЖМ