"СУРЕТІ ІЛІНЕДІ": АРДАГЕРЛЕР АЛДАҒЫ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Уақыты: 02.02.2020
Оқылды: 2453
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда  ардагерлер кеңесінің өткен жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер таныстырылды. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің президиум мүшелері қатысып, жиынды аталған кеңестің төрағасы Ермек Келемсейіт жүргізіп отырды.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, өткен жыл облыс ардагерлері үшін табысты болды. Бүгінде облыстағы 220 мыңнан астам ардагердің мүддесін қорғап отырған ұйым жобаларды тыңғылықты атқарып,  моральдық, материалдық тұрғыда көп қолдау танытты.

– Өткен жылды облыстық ардагерлер кеңесі нәтижелі аяқтап, бірқатар игілікті шара өткізіліп, елге ұйытқы, берекеге бастау болды. Айталық, ардагерлердің ұйытқы болуымен «Ұлт құндылығы – ұрпақ өзегі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция, «Ұлы Дала өнері» атты ата-бабадан ұрпаққа жеткен қазақ қолөнер шеберлерінің байқауы, салауатты өмір салтын насихаттау барысында жер-жердегі ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан жарыс, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы болған марқұм Бекасыл Қозығұловтың 80 жылдығына орай тоғызқұмалақшылар сайысы, Балпық би бабамыздың 325 жылдығына орай «Бабалар сөзі – дананың көзі» атты батагөйлер жарысы, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Бірлік бар жерде – тірлік бар» атты «дөңгелек үстел», Қарттар күніне орай «Көп жасаған қария – ақылы терең дария» атты мәдени-мерекелік шаралар, тағы да басқа маңызды жиындар өтті. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Жұмахан Балапановтың ескерткішінің ашылуы мен Жаскілен Қалиевтың кітаптарының тұсаукесерін өткізуге де ардагерлер үлкен қолдау танытты, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт.

Биыл ардагерлер үшін тағы да қызу еңбектің жылы болмақ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ағымдағы жылы Ұлы Даланың ұлы тұлғасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, Абай Құнанбаевтың 175, Жеңістің 75 жылдығы аталып өтеді. Бұл шараларға ардагерлер белсене қатыспақ. Өйткені, облысымызда бүгінде 72 соғыс ардагері бар. Оның 28-і соғыс мүгедегі және Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген локалды әскери күштерден 14 адам бар.

– Жеңістің 75 жылдығын өз деңгейінде атап өту үшін қазір ұйым жүйелі жоспар жасап, соған сай жұмыс басталды. Алдағы уақытта облыс бойынша соғысқа қатысқандар жайлы ескерткіш кітап шығару, облыстық «Жетісу» телеарнасынан «Қарттарым – асыл қазынам» атты бағдарлама бойынша көзі тірі соғыс ардагерлері туралы түсірілім жасап, елге насихаттау, республикалық «Ардагер айнасы» газетіне ардагерлер жайлы үзбей мақала жариялап тұру көзделуде. Әсіресе, облыстық «Жетісу» газетінің ішінен шығарылатын «Ардагер» қосымшасына соғыс ардагерлері үшін «Қаһарман майдангер», тылда еңбек еткендер үшін арнайы айдар ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, аудан, қала көшелеріне соғыс ардагерлерінің суретін іліп, жұртқа үлгі етпекпіз, – деді Ермек Әбілмәжінұлы.

Кеңес төрағасының баяндамасынан кейін көпшілік алдағы жоспарлар жайлы өздерінің қосар ойын айтып, тың ұсыныстарын білдірді. Көпшілікті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевтың:

– Биыл облыс әкімінің қолдауымен Жеңістің 75 жылдығына арнайы кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, «Батырларға тағзым» атты ақындар байқауы, «Батырлар бейнесі» атты суретшілер байқауы ұйымдастырылып, облыстық театрда «Жәмила» атты жаңа спектакль дайындалуда. Бұрынғы қойылған туындылар жаңартылып, көрерменге қайта ұсынылады, – деген жүрекжарды сөзі көпшілікті қуантып тастады.

Өткен жылды табыспен аяқтаған ардагерлер кеңесінің ағымдағы жоспары да ауқымды. Атқарылар іс алда көп.

Қажет АНДАС

Алматы облысы